Аязда жеңіл көлікпен аялдамаға тоқтауға бола ма?
- Аязды күндері аялдамаларда автобус күтіп тұрған жолаушыларды жол-жөнекей ала кеткім-ақ келеді. Кейбіреу дірдектеп, бала-шағасымен тұрады. Автобус та қай бір уақытында келе қалады дейсіз. Бірақ заң бойынша аялдамаларға тоқтауға болмайды. Десе де, мұндай жағдайда жол-патрульдік полиция қызметкерлері түсіністікпен қарамай ма?
Дамир Мұстафа
Өскемен.
Сауалыңызға облыстық Өскемен қалалық полиция басқармасының жол-патрульдік полиция батальонының штаб бастығы Шалқар Заманбеков жауап берді:
- Жол жүру ережесіне сәйкес аялдама алаңдарында және оларға он бес метрден жақын жерде тоқтауға тыйым салынады. Сондай-ақ, маршруттық көлік құралдары немесе такси аялдамасының белгісінен он бес метрден жақын жерде тоқтауға болмайды. Алайда, күннің аязында автобус күтіп қалған жолаушыларды ала кету үшін тоқтасаңыз, жол-патрульдік полициясы кешіріммен, түсіністікпен қарайды.
Жол жүру ережесіне, жол белгілеріне байланысты сауалдарыңыз болса, 8 705 623 88 17 WhatsApp нөміріне смс арқылы жолдаңыздар. Сұрақ ұғынықты болуы үшін жолдың түсініксіз тұстарын суретке түсіріп, сызбасын сызып жіберсеңіздер де артық болмайды.