Елімізде бос жатқан жерлер туралы ақпарат беретін сайт ашылады
Келесі жылдан бастап еліміздегі бос жатқан жерлер туралы ақпарат беретін арнайы сайт ашылады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ал бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысына арнайы іс сапармен келген ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы Республикалық арнайы мониторингтік тобының мүшесі, жер қатынастары мәселелері жөніндегі жетекші сарапшылардың бірі Бақытжан Базарбек мәлім етті.
Жиын барысында спикер жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін беру, жер учаскелерін сегменттеу, сондай-ақ пайдаланылмаған бос жерлерді мемлекет меншігіне қайтару процесстері жөнінде кеңінен түсіндіріп берді.
– Еліміздегі барлық өңірді аралап, жер мәселесіне байланысты туындаған сауалдарды шешуге көмек көрсетіп жүрмін. Басты мақсат –тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, - дейді Бақытжан Базарбек.