Өскеменде санитарлардың қызметін жүргізушілер атқарып жүр
Жедел жәрдем бекетіндегі санитарлардың жұмыстан қысқаруына не себеп? Жуықта 20 қызметкер осындай қысқартуға ұшырапты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Ук.кз сайтын нұсқап.
Мәселенің төркіні мынада жатқан көрінеді. Өткен жылы денсаулық сақтау министрлігінде бұл мамандықты штаттан алып тастау жөнінде айтылыпты. Санитарлық қызмет ешқандай маңызды рөл атқармайтын көрінеді. Арнайы білімнің де қажеті жоқ. Себебі негізгі жұмысы олардың – құрал-жабдықтарды алып жүру. Бұл жұмысты қосымша ақы төлеу арқылы жүргізушілерге-ақ тапсыруға болады.
– Біз арнайы штат болмаса да, қызметкерлерімізді бір жылдан артық жұмыста қалдырдық. Бірақ бұдан былай оларға еңбекақыны қалай төлемекпіз? Сондықтан қысқарту басталып кетті. Қазір 20 адам қысқартылды. Сонда да 60 қызметкер бар, – деді бекеттің бас дәрігері Марат Ластаев.
Оның айтуынша, жалғызбасты аналар, жүкті әйелдер және зейнет жасына таяған қызметкерлер қысқартылмайды.
– Санитарлар ауысыммен жұмыс істейді. Кейбір қосымша жұмыс істейтін қызметкерлер де бар, – деді бас дәрігер.
Дәрігердің айтысынша, мұнымен қаладағы жедел жәрдем бригадалары кеміген жоқ. Әр бекетті 4 бригадада – барлығы 128.