KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 1,8 м/с, З
484.37 531.06 5.05

Сириядан 47 қазақстандық елге қайтарылды

10.01.2019, 12:00 153

Биылғы 5-6 қаңтарда еліміздің құқыққорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген «Жусан» гуманитарлық шарасының нәтижесінде Сириядан 47 азамат, соның ішінде 30 бала Қазақстанға қайтарылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Ақтау халықаралық әуежайынан аттанған әскерилер әйелдер мен балаларға жол бойы барынша көмек көрсеткен. Әуе көлігіне барлығы 1 мен 5 жас аралығындағы 30 бала мен 11 әйелден бөлек, «Сириядағы соғыстарға қатысты» деген күдікпен бірнеше ер азамат та мінген. Олардың кінәсін алдағы уақытта сот дәлелдемек.


Естеріңізде болса, бұл жөнінде Мемлекет басшысы 9 қаңтарда арнайы мәлімдеме жасаған болатын.

– Олар дағдарыс жайлаған елге алданып барып, террористердің тұтқынында болды. Қазақстанға келген соң әйелдер мен балаларға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілді. Осындай ауыр жағдайға ұшыраған бұл кінәсіз жандардың қуанышында шек жоқ. Олар бір ай бойы бейімдеу орталығында болып, қажетті медициналық көмек алады. Атқарылған жұмыс мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді. Осыған ұқсас жағдайды болдырмау үшін шаралар күшейтілді, – деп атап көрсеткен еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.


Президент кезінде лаңкестердің сөзіне алданып, оларға еріп кеткендердің тағдыры өзгелерге сабақ болуы тиіс екендігін атады.


Ал бүгін 10 қаңтарда өткен арнайы баспасөз мәслихатында Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев бұдан кейін де қақтығыс аймақтарында жүрген отандастарымызды Отанына қайтару жұмысы жалғасатынын мәлімдеді.

– Жусан» операциясы тікелей Елбасының тапсырмасымен орындалған және бұл туралы арнайы мәлімдемені естідіңіздер. Елбасы айтқандай, Қазақстан өзінің азаматтарына әрдайым қолдау көрсетеді. Бұл гуманитарлық операция, ең алдымен, Елбасымыздың халықаралық аренадағы жоғары беделінің және еліміздің бейбітшілік бастамалары, қағидаттары негізінде жасалған болатын», — деді ол баспасөз мәслихатында.


Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсететіні де айтылды.

– Қазір менің Қазақстанға көп міндетім бар секілді көрінеді. Не күлерімді, не жыларымды білмеймін. Шоктық күй кештім. Өз елімді сатып кеткендей болдым. Бірақ елім мен сатпады, қайтарып алды. Мені азаматтығымнан айыруға болар еді. Өкінетінім – қанша уақытымды текке жоғалттым, – дейді Сириядан оралған әйел.


Қазіргі уақытта соғыс ошағынан шығарылғандар Ақтаудағы бейімдеу орталығында. Оларға бір айда психологиялық, медициналық және заң тұрғысынан көмек көрсетілмек.


Айта кетсек, 2018 жылдың шілде айында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткенін хабарлаған еді. Комитет Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдарда 120 ер адам, 250-ден астам әйел және 500 бала барын айтқан болатын.

Былтыр наурызда ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков Сириядан 125 қазақстандықтың оралғанын, 57 адам қамауда отырғанын, қалғандарының бақылауда екенін айтқан.

Ал өткен жылдың 19 желтоқсанында еліміздің Білім және ғылым министрлігі соңғы екі жылда Сириядан Қазақстанға 91 бала қайтарылғанын, қазіргі кезде балаларды қоғамға бейімдеу жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеген-ді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив