ШҚО шаруалары шөптің аздығынан қорғалған аумаққа орақ салды
Шығыс Қазақстанда қыста мал азығынан қысылмаудың амалы қарастырыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шөптің аздығынан шаруаларға тыйым салынған аумақтағы шалғынға орақ салуға рұқсат берілді. Осылайша Қатонқарағай Ұлттық паркі мен орман шаруашылығына қарасты жерлерден шөп жиналып жатыр. Бұл да тығырықтан шығудың бір амалы, – дейді сала мамандары. Өйткені жаз бойы жауын болмай, шөп шығымы да аз болды. Әсіресе, Абай, Аягөз ауданында мал шаруашылығымен айналысатындарға аса ауыр болатын түрі бар. Ол өңірлер үшін тіпті бюджеттен 130 миллион теңге бөлінді. Жалпы облыста 2,5 миллион тонна шөп дайындау жоспарланған.
– Жеке тұрғындар мен шаруа қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін, Ұлттық парк пен орман шаруашылығы жерлерінен 34 мың 500га жерге рұқсат алынып, 17 мың тонна шөп жиналды. Сонымен қатар біздің облысымызда жалпы шөп 488 мың га табиғи шабындық жерлерден 1380 жайылым жерлерден шауып орып дайындалады, - дейді ШҚО ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы Ертай Қуанбаев.