KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Елімізде биыл 102 спорт нысаны салынады

depositphotos.com

2.08.2025, 12:00 251 Ержан Әбіш

Елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүйелі жүзеге асыру жалғасып жатыр. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстанда 371 жаңа спорт нысаны салынған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Тек 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 14 өңірді қамтитын 32 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 70 спорт нысанының құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Сала дамуының бұл серпіні бірден бірнеше мемлекеттік басымдықтарға жауап береді – бұқаралық спортты нығайту, жастар үшін дене шынықтыруға қолжетімділікті арттыру, сондай-ақ кәсіби спортшыларды даярлауға жағдай жасау.

Жаңа нысандар бокс пен күрестен бастап, үстел теннисі мен тоғызқұмалаққа дейінгі түрлі спорт түрлеріне арналған. Ерекше назар аударарлық жоба – Ақмола облысындағы спорт кешені. Бұл елдегі мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен толықтай салынған алғашқы нысан болып табылады. Мұнда еркін күрес, қазақ күресі, бокс, ауыр атлетика және шаңғы дайындық залдары қарастырылған.

Павлодар облысындағы көпсалалы спорт кешенінің ашылуы да маңызды жобаға айналды. Бұл кешенде командалық және жекелей спорт түрлеріне арналған залдар, ұзындығы 25 метр болатын төрт жолақты жүзу бассейні, тіпті ұлттық спорт түрлеріне арналған арнайы секциялар да бар.

Жоспарланған нысандар қатарында – колледжден бастап докторантураға дейін үздіксіз білім беру саясатын жүзеге асыратын Ұлттық спорт университеті бар. Университет құрамында стадион, жеңіл атлетика манежі, олимпиадалық бассейн, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және медициналық қалпына келтіру орталықтары болады.

Түркістанда халықаралық стандарттарға сай ескек есу каналының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жерде байдарка, каноэ, параканоэ және академиялық есу жарыстары өтетін болады.

Стадиондар, ФОК-тар және инклюзия

Елордада Қ. Мұнайтпасов атындағы жаңа стадионның құрылысы жүріп жатыр. Құрылысты аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Бұл жыл бойы жаттығу мен жарыстар өткізуге арналған әмбебап нысан болмақ.

Жетісу облысының Алакөл ауданында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ФОК) мен 244 орындық жатақхана салынып жатыр. Бұл нысан өңірдегі спорттық өмірдің жаңа деңгейге көтерілуіне сеп болады.

Жақында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Глубоков ауданында өткен кездесуде екі спорт нысанының құрылысы туралы айтты – Глубокое кентінде жабық хоккей модулі мен Белоусовкада ФОК бой көтермек.

Инклюзивтілікке ерекше көңіл бөлініп отыр. 2024 жылғы мамырда Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенінің құрылысы басталды. Бұл кешенде параволейбол, голбол, бадминтон, бочча, үстел теннисі және күрес залдары жұмыс істейтін болады.

Бұқаралық сипат пен қолжетімділік: статистика не дейді

Бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша:

  • Халықтың 41,4%-ы тұрақты түрде спортпен шұғылданады;

  • 1000 адамға шаққанда спорт инфрақұрылымының қамтылуы – 55,1%;

  • Қазақстанда барлығы 25 725 спорт нысаны бар. Оның ішінде:

    • 12 537 – дене шынықтыру-спорттық бағыттағы нысандар;

    • 11 745 – спортқа қолжетімді білім беру мекемелері;

    • 1 443 – мамандандырылған спорт мектептері.

Туризм және спорт министрлігінің болжамынша, 2029 жылға қарай инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 65%-ға жетіп, он жыл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда үлкен серпіліс болады.

Әрбір аулаға - футбол алаңы

Балалар мен аула спорты бөлек бағыт ретінде қарастырылуда. Бүгінде елде 7 432 балаларға арналған футбол алаңы жұмыс істейді. 2025-2026 жылдарға арналған бағдарламалар аясында 1 420 алаң қайта жаңғыртылады; 685 жаңа нысан салынады.

Ұлт саулығы

2020 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта еліміздің спорт картасы жыл сайын жаңа нысандармен толығып отырды:

  • 2020 жылы – 63 нысан;

  • 2021 жылы – 72;

  • 2022 жылы – 76;

  • 2023 жылы – 70;

  • 2024 жылы – 90.

2025 жыл да осы қарқынды сақтамақ: қазіргі таңда 32 нысан пайдалануға берілді, тағы 70-і аяқталуға жақын.

Туризм және спорт министрлігі спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді әрі жүйелі жұмыстың жалғасатынын мәлімдейді. Ведомство атап өткендей, бастысы – нысандардың саны емес, олардың қолжетімділігі, көпсалалылығы және халықтың өзгеріп жатқан қажеттіліктеріне бейімделуі. Спортқа инвестиция – денсаулыққа, тәрбиеге, тәртіпке және елдің тұрақты болашағына инвестиция.

Дамир Омаров

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу