Қазақстандық оқушылар география бойынша халықаралық олимпиадада екінші орынды иеленді
Таиландта өткен география пәні бойынша халықаралық олимпиадада (IGeO-2025) Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді. Беделді білім сайысында қазақстандық оқушылар екі алтын, екі күміс медаль жеңіп алып, еліміздің тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл олимпиадаға әлемнің үздік оқушылары қатысып, ұлттық және аймақтық іріктеулерден сүрінбей өткен. Қазақстандық команда үш кезеңнің барлығында тұрақты нәтиже көрсетіп, жоғары дайындық пен талдау қабілетін дәлелдеді. Бұл жеңіс – отандық жас буынның зияткерлік әлеуетінің айқын көрсеткіші.
Алтын медаль иегерлері: Талғат Байбосынов – Қарағанды облысы НЗМ, 12-сынып оқушысы; Енбахтов Андрей – Қостанай облысы НЗМ, 10-сынып оқушысы. Күміс медаль иегерлері: Болат Ақжол – Жетісу облысы НЗМ, 12-сынып оқушысы; Әлихан Қалмағамбетов – Ақтөбе облысы НЗМ, 12-сынып оқушысы.
Команданың дайындығын «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы қамтамасыз етті. Бұл орталық дарынды оқушылармен жүйелі түрде жұмыс істеп, Қазақстанның халықаралық білім додаларына қатысуын үйлестіріп келеді. Команда жетекшілері ретінде Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың 2-курс студенті Рустам Валеев пен халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше мәрте жеңімпазы Абай Дүйсен жұмыс істеді.
Айта кетейік, Қазақстан IGeO олимпиадасына 2012 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде қазақстандық оқушылар 5 алтын, 4 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Бірақ 2025 жылғы нәтиже – ең ірі жеңіс: алтын медаль саны мен жалпы командалық көрсеткіш жағынан рекордтық нәтиже тіркелді.
IGeO (International Geography Olympiad) – мектеп оқушыларына арналған ең беделді халықаралық олимпиадалардың бірі. Ол жыл сайын Халықаралық география одағының бастамасымен өткізіледі. Бұл олимпиада IMO (математика), IPhO (физика), IBO (биология), IChO (химия), IOI (информатика) және IOL (лингвистика) сияқты халықаралық білім сайыстарымен бір қатарда аталады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі жеңімпаздарды, олардың ата-аналарын, мұғалімдері мен ғылыми жетекшілерін шын жүректен құттықтап, елдің білім саласындағы беделін арттыруға қосқан зор үлесін атап өтті.
Дамир Омаров
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі






