KZ
Өскемен
+1°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
522.38 612.6 6.54

Осинов асуын айналып өтер күн алыс емес

16.11.2025, 13:30 154 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан өңірі соңғы жылдары бұрындары мүмкін емес деп саналған, тіпті қиял-ғажайып болып көрінген жобаларды жүзеге асыру арқылы баршаны таңғалдырып келеді. Бүгінде бұл жобалар кейбір маңызды және бірегей көрсеткіштері мен техникалық сипаттамалары бойынша рекордтар орнатуда. Бұл жолы сөз Осинов асуын айналып өтетін автомобиль жолының құрылысы туралы болмақ. Бұл жобаны өңір тұрғындары ұзақ жылдар бойы армандаған еді, бірақ жүзеге асуы жақында ғана басталды. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, «Қазавтожол» компаниясының өңірлік филиалы және басқа да тиісті құрылымдар үшін тікелей және қауіпсіз жол салу, Пихтовка өзенінен ең биік таулы көпірді тұрғызу нағыз серпіліс болмақ, деп хабарлайды Altainews.kz.

Бұған дейін өңірімізде Бұқтырма су қоймасынан өтетін еліміздегі ең ұзын көпір салынып, халықтың игілігіне берілген еді. Енді міне өңір тұрғындары ұзақ жылдар бойы сарыла күткен, маңызы зор келесі ауқымды нысанның аяқталар күні жақындап қалды.

Мұндай стратегиялық жобаның қаншалықты маңызды екенін республикалық дәрежедегі Өскемен – Рахман қайнары автожолымен тұрақты қатынайтындар жақсы біледі. Олардың қатарында Алтай, Үлкен Нарын, Қатонқарағай аудандарының тұрғындары, іссапарда жүрген мамандар, туристер және өңірге келген қонақтар бар. Солардың ішінде біздің медиахолдингтің журналистері, әсіресе тәжірибелі аға буын өкілдері де жетерлік, олар жұмыс бабымен осы жолдармен талай жүрген.

ТІКЕ ЖОЛ – ҚАУІПСІЗ БАҒЫТ

Катонқарағай ауданында туып-өскен осы мақаланың авторы үшін салынып жатқан жол – шын мәнінде өмір жолы. Бұл жолдың әр километрі маған жақсы таныс, оны жолаушы ретінде де, көлік жүргізуші ретінде де талай мәрте жүріп өткенмін.

Бірақ бәрі салыстыру арқылы байқалады ғой, сондықтан мыңжылдықтар шегінде Глубокое ауданының Каменный карьер, Таулы Үлбі, Феклистовка ауылдарын айналып өтіп, Алтай ауданының Северное ауылына шығатын автожолдың қалай салынғанын еске түсірейік.

Жақсыға тез үйренесің! Бүгінде отызға тола қоймаған жастар үшін бұрын облыс орталығынан Алтай ауданына (бұрынғы Зырян ауданы) бару үшін міндетті түрде Бабкина мельница, Гавань, Ескі және Жаңа Согра елді мекендерінен өту қажет болғанын білмейді де. Содан кейін қаладан шығып, тар әрі тік таулы жолмен жүруге тура келетін.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары облыс орталығынан Алтай ауданына шығатын автожол салынғанда үлкен шеңберді қысқарту, уақыт пен қаражатты үнемдеу, моральдық және физикалық күшті азайту, көліктерге түсетін жүктемені айтарлықтай төмендету мүмкіндігі туды. Жүргізушілер мен жолаушылар үшін қауіп азайды – барлығы жеңілдей түсті. Сол кезден бері облыс орталығынан Алтай ауданы жаққа шығуға арналған кең әрі ыңғайлы автожол пайда болды, ол Шмелёв логтан, Глубокое ауданының Степное және Ушановское ауылдарынан бастап Северное ауылына дейін жалғасты.

Енді Шығыс Қазақстанда осыған ұқсас нәтиже күтілуде. Осинов асуының алдындағы және соңындағы ең күрделі әрі қауіпті учаскелер түзетіліп жатыр, бұл – маңызды магистральдағы «бөтелке мойыны» тәрізді тар учаске.

АЛТАЙДАҒЫ «ШЫҒЫС ШЕҢБЕРІ»

Айта кетейік, Шығыс Қазақстандағы осындай ауқымды жобалар, сондай-ақ елдің басқа өңірлерінде жүзеге асырылып жатқан жобалар Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сай шекаралас аймақтарды дамыту және көлік-логистика инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жүргізілуде. Сол мақсатта Зайсан ауданындағы әуежай жаңaртылып, Катонқарағай ауданында заманауи ұшақтарды қабылдай алатын жаңа әуежай салынуда. Мұнда өзінің радонды суымен танымал «Рахман қайнары» демалыс орнына дейінгі 13 шақырымдық соңғы учаскеге асфальт төселеді.

Барлық жобалар – бір логистикалық тізбектің буыны, себебі олар еліміздің Шығысында орналасқан алып аумақтарды біртұтас жүйеге біріктіріп, туризм саласының дамуына қызмет етеді.

Мұндайда соғысқа дейінгі кезеңде жүзеге асырылған, маңызы еш кем емес «Шығыс шеңбері» жобасы еске түседі екен. Ол үлкен халықтық құрылыс болатын, нәтижесінде Осинов асуынан өтетін жол салынып, тек облыс үшін ғана емес, ел үшін де стратегиялық мәнге ие болды.

Көптеген жол апаттарына куә болған асу арқылы өтетін маршруттың ең биік нүктесі бұрын «Сталин шыңы» деп аталатын, қазір ол жерде бақылау алаңы орналасқан. «Шығыс шеңбері» жобасы күрделі әрі қымбат болған-ды. Осы тақырыпқа қатысты тарихи деректер мемлекеттік архивтерде және газетіміздің ескі сандарында сақталған, ал облыстық «Рудный Алтай» газетінің 100 жылдығына орай әріптесіміздің халықтық құрылыс хронологиясына арналған очеркі жазылған жинақ шыққан болатын. Ол – Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының теңдессіз еңбек ерлігінің қысқаша тарихы.

Осы жолдарды жазып отырған автор осы халықтық құрылысқа қатысқандардың бірі, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Василий Загорулькомен жеке кездесіп, мақала жариялаған, ол кісі Ұлан ауданының Ново-Азово ауылында тұратын.

Тәжірибелі адамдардың ерен еңбегімен салынған бұл жол бір ғасыр бойы халыққа қызмет етіп келеді. Негізгі автожол жақын арада асуды айналып өтетін болса да, ескі сенімді маршрутқа қажеттілік толығымен жойылмайды. Ол туристер үшін, таулар мен ормандардың сұлулығын тамашалап, табиғат аясында демалғысы келетіндер үшін танымал маршрутқа айналады деп күтілуде.

Сонымен қатар төтенше жағдай қызметі мен басқа да мамандандырылған құрылымдардың қызметкерлері үшін бір мәселе азаймақ, себебі негізгі көлік ағыны жақын уақытта қауіпсіз учаскеге бағытталады.

ӨР МЕН ЫЛДИ 

Оңтүстік өңірлерден келген қонақтар «Шығыстың көлік жүргізушілер ешқашан ұйықтап қалмайды» деп әзілдейді, өйткені біздегі жер бедері күрделі, сондықтан әрдайым қырағы болуың керек, ал даланың жазық жолдары ұйқы шақырады.

Осинов асуы арқылы жүргенде есте сақтайтын жайт – өр мен ылдида көліктің жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспауға тиіс. Бұл учаскенің ортасында, ағып жатқан таулы өзен бойында демалыс орны бар – онда дәмхана мен санитарлық-гигиеналық торап ораналaсқан.

Серебрянск және Александровка ауылына қарай тіке түсетін жолда да көліктің жылдамдығы 50-мен шектелген, сонымен қатар тар қосжолақты жолдың 5 шақырымдық учаскесінде алдыңғы көлікті басып озуға тыйым салынған.

Міне, дәл осы жерде «бөтелке мойыны» орналасқан, себебі қыс мезгілінде жолды тік шатқалдардан түскен қар көшкіндері толық жауып қалуы мүмкін. Сол себепті Төтенше жағдайлар қызметі мұнда үнемі профилактикалық көшкін түсіру жұмыстарын жүргізеді. Атап өтерлік жайт – бұл іс жақсы жолға қойылған, сондай-ақ жолаушыларды хабардар ету процесі де тиімді жүргізіледі. Табиғи құбылыстардан қиындық туындамайды, себебі қозғалыс реттеліп тұрады.

Шығыс Қазақстанда мұндай жұмыстарға инновациялық тәсілдер енгізіліп жатыр, Айталық, қар көшкіні қаупі бар учаскелерде арнайы датчиктер орнатылған бекеттер жұмыс істейді, ал тұрғындар жолдағы жағдай туралы үнемі жаңартылған ақпарат алып отырады. Бұл техникалық мониторинг Төтенше жағдайлар қызметінің ғалымдар жобалары негізінде жүзеге асырылатын жүйесіне сүйенеді.

БІЗДІҢ АСУ

Журналист әріптестер Осинов асуындағы маңызды құрылыстың барысын үнемі бақылап тұрады. Жақында «Altai-News» медиаорталығының тілшілері еліміздегі ең биік таулы көпір салынатын алаңға тағы барды. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін көпірдің ұзындығы 175 метрді, биіктігі 42 метрді құрамақ, бұл оны салып жатқан жұмысшыларға деген құрмет сезімін оятады.

Әрине, көпір салу оңай шаруа емес, өйткені жұмыстар әртүрлі деңгейде және күрделі таулы жерде жүргізілуде. Дегенмен, тәжірибелі жолшылар барлық қиындықтарды жеңіп, жүктелген міндеттерді сәтті орындап жатыр.

Мысалы, журналистер құрылыс алаңына барған кезде, яғни қыркүйек айында жер жұмыстары негізінен аяқталып, жұмысшыларға тек асфальт төсеу қалған еді.

– Көпір күрделі учаскедегі қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін салынып жатыр, – дейді мердігер компанияның өкілдері. – Бұл жол серпантинді айналып өтуге мүмкіндік береді.

Ол сондай-ақ бұл жердің ауа райы қаланың жағдайынан мүлде өзгеше екенін ескертті: жаңбыр жиі жауады, қатты жел соғады, бұл жұмысшылар үшін үлкен кедергі туғызады. Сондықтан жұмыстар сапалы орындалуы және белгіленген мерзімде аяқталуы үшін жан-жақты ойластырылып ұйымдастырылған, барлық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген.

Қосымша айта кетсек, қарашаның басынан бері қыс күннен-күнге күшейіп келеді, облыс орталығында алғашқы қар жауып, көшелерде көктайғақ пайда болды, ал Төтенше жағдайлар қызметі өңір жолдарында көлік қозғалысына шектеу енгізуде.

Қыс қарсаңында Шығыс Қазақстан тұрғындары үшін қауіпсіз жол мен еліміздегі ең биік таулы көпірдің қаншалықты маңызды екенін ерекше түсінесің.


Тайыр Сапарғалиев

Ержан Әбіш

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу