KZ
Өскемен
+1°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
522.38 612.6 6.54

Алтайдан әлемге: халықаралық сахнадағы ұлы сәт

17.11.2025, 16:00 134 Базарова Айгүл

Би – тілсіз поэзия. Әр қимыл, әр ырғақ, әр қадам астарында тұтас тарих, ұлттың жаны мен болмысы бар. Сол ұлт рухын би арқылы жеткізіп жүрген жандардың бірі – «Мәдениет саласының үздігі», жоғары санатты педагог-хореограф, «Алтай» би ансамблінің көркемдік жетекшісі және балетмейстері, Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының бас балетмейстері Тимур Оңласбекұлы Қожахметов. Кейіпкеріміз сахна сиқырын алғаш рет 2001 жылы атақты «Салтанат» халық би ансамблінде сезінді. Сол кезден бері арада жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, жүректегі би оты сөнбей, керісінше жыл сайын жаңарып, жарқырай түсті. «Наз», «Алтынай», «Қазына» сияқты ұжымдарда тер төгіп, әр сахнада мың бұрала билеген балет әртісі бүгінде талай шәкірт тәрбиелеп, сахна сыртындағы көркем әлемнің шебер режиссеріне айналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Тимур Оңласбекұлының есімі бүгінде тек облыс көлемінде ғана емес, республикалық және халықаралық деңгейде де танымал. Ол Шара Жиенқұлова атындағы байқаудың, «Шабыт» халықаралық фестивалінің, «Жас толқын» студенттік фестивалінің лауреаты атанып, шығармашылық ізденісін тоқтатпады.

2018 жылы ол Ұлан ауданында «Ай-Софи» би ұжымын құрып, туған өлкесінде мәдени жаңғырудың жаңа тынысын ашты. Ал 2020 жылы облыс әкімі бастамасымен құрылған «Алтай» мемлекеттік би ансамблінің тізгінін ұстап, оны аз ғана уақыт ішінде кәсіби деңгейге көтерді. Оның жетекшілігімен «Алтай» би ансамблі UMAI ұлттық сыйлығының финалисі атанып, «Үздік хореографиялық өнер» және «Үздік би ұжымы» номинацияларында топ жарды. 2023 жылы UMAI ұлттық сыйлығы бойынша Қазақстанның ең үздік үш хореографының қатарына енді. Сол жылы Иоганн Штраустың «Жарқанат» опереттасын сахналап, ал 2024 жылы Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына орай «Айсұлу» операсын қоюшы режиссер ретінде өз қолтаңбасын қалдырды.

Биыл «Алтай» би ансамблі Қытайда өткен халықаралық фестивальде Гран-при иегері атанды. Тайюань қаласында өткен Association Nationale Cultures du Monde халықаралық фестиваліне Перу, Грузия, Буркина-Фасо, Болгария, Польша, Таиланд, Малайзия, Үндістан, Латын Америкасы елдері, Франция, Қытай және Қазақстан сияқты мемлекеттердің өкілдері қатысып, бас жүлдені Тимур Оңласбекұлының шәкірттері иеленді. Бүгінгі сұхбатымызды талантты балетмейстердің өнері мен құпиясынан сыр шертетін боламыз.

– «Салтанат» халық би ансамблінен «Алтай» ансамбліне дейінгі жолыңызды баяндап берсеңіз. Жалпы, Қазақстанның Шығысына жолыңыз қалай түсті?

– Шырайлы Шымкент қаласында дүниеге келіп, Алматы қаласында білім алдым. «Салтанат», «Алтынай», «Қазына» деген өнер ұйымдарында жұмыс істедім. Әртістік жолым осылай өрбіді. Өнерден өзіме керегін алып, жиған білімімді өскелең жастарға дарытсам деп шешім қабылдадым. Кемеліңе жеткен соң, аларыңды алып болғасын, орныңды соңыңнан еріп келе жатқан талант иелеріне беруің керек. Ал өзің оларды жағатын шамшыраққа айналуға тиіссің. Шығыс Қазақстан өңіріне 2019 жылы келгенмін. Алғаш Шығысқа табан тірегенде біршама ойлар мазалап жүрді. Шынымды айтсам, мен білетін, бала күнімнен бойыма сіңірген қазақылықты көрмедім. Бұл жақта қазақылықтың өзге сарынын көрдім десем де дұрыс шығар. Қызықты бір көрініске тап болдым. Келген бетте қазақтың ұлттық мерекесі – Әз-Наурыз мерекесін тойлау дәстүріне куә болдым. Орталық алаңның қақ ортасында діңгек тұр. Тепсе темір үзетін азаматтар соған кезек-кезек өрмелеп жатыр. Мұны әркім әрқалай қабылдауы мүмкін ғой. Оған дауа жоқ. Біреуге бұл дұрыс көрінер, мерекелік көңіл-күй үшін ұйымдастырылған мықтылар сайысы деп қабылдауы да мүмкін. Жеке менің көңілімнен шықпады, жағамды ұстадым десем артық айтпайтын шығармын. Елге мереке, мейрам, тарту, бір-бірімізге құшақ жайып, айналамызға сыйлықтар тарататын, сыйлайтын, кешірімге шақыратын әз-мейрамда дүниенің соңынан қуып, тартысқа түсіп жатқан бейнені көру менің көңілімді түсіріп жіберді. Өскеменге, еліміздің күншығысына алғашқы қадамым осылай басталған-ды. Кейін мені С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті шақырды. Жастармен жұмыс істей жүріп, ғылым және білім қара шаңырағының студенттік көктеміндегі жеңісті еншілеуге көп еңбектендім. Университет тарихында көптен бері мұндай жеңіс болмаған деседі. Ал мен шеберлігімді дәлелдедім де, тыныштықта ары қарай еңбектене бердім. Сосын Қасым Қайсенов кентінде кішкентай балаларға арналған, алты қыздан тұратын «Ай-Софи» ансамблін аштым. Өңірде осы сәттен бастап таныла бастадым, филармонияға қызметке шақырылдым. Қабыл алдым. Бірақ жеке талаптарым болды. Ешкім менің шығармашылығыма араласпауы керек, толық еркіндік және еңбек. Нәтижесі болады деп сендірдім.

– Екі жыл бұрын ансамбль Шара Жиенқұлова атындағы VI Республикалық қазақ би байқауында "Топтық орындау" санаты бойынша жүлделі ІІІ орынға ие болғаны үшін марапатталды. Құрылғанына бес жыл болмаған өнер ұйымының жетістігі сол ортада қандай әсер қалдырды?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, мұнда шақырғанда тек бір талап болды: «Маған жұмыс жасауға кедергі болмаңыздар» дедім. Әр іске араласып, сахнаға «шық-шықтап» тұрса, костюм болмаса, ол қандай өнер болады? Бар шеберліктің сыры шығармашылық еркіндікте. Мәселен, сырттан келген адам костюмнің маңыздылығын білмеуі мүмкін. Бірақ ансамбль үшін оның маңызын сөзбен айтып жеткізу қиын. Мен киімдерді еліміздің түкпір-түкпірінде тіккіземін. Оңтүстік Қазақстанда, Таразда, мысалы, аяқ киімді Петропавл өңірінде тіккіземіз. Жұмысымда түрлі қолтаңба болуын қалаймын. Халыққа қызықты болуы үшін бірбеткей болмау керек. Алтай ансамблінің құрылу тарихына және құрамына тоқталатын болсақ, барлық өнер көрсететін ұлдар мен қыздар шығыс өңірінен шыққан азаматтар. Әу бастан қойған мақсатым да сол еді. Шығыстың атын шығаратын азамат осы өлкеден болуы тиіс. Бұл жерде намыс деген сөз орынды болмақ. Оларды Республикалық қазақ би байқауына алып барғанда айтқаным бар: «Алғаш рет кәсіби ортаға келіп отырсыңдар. Тіпті би өнерінде арнайы біліміңдер де жоқ. Соған қарамастан, дайын екендеріңді көріп, сеніммен алып келдім. Тек саспаңдар! Өзгелердің өнеріне тамсанып қарамаңдар. Ниеттерің жоғалады. Жігерлеріңді жиып, өз мүмкіндіктеріңді ойлаңдар» деп қолдауымды көрсеттім. Иә, біз бірден лауреат атандық. Марапаттау рәсімінде «Алтай» сахнаға шыға сала бірден лауреат атанған алғашқы ансамбль екенін профессорлар да мойындады. Ал, сол сахнада он жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, үздік үштікке кіру үшін қаншама күш жұмсалады... «Алтай» бұл жетістікті бірінші барғаннан орындады.

– Талай белестерді бағындырған ансамбльге қосылам деушілер көп пе? Жалпы, қатардағы жастарды қалай іріктейсіз?

– Жүрген жерімде талантты жастарды қарап жүремін. Қатарымызда 18 қыз, сегіз ұл бала бар. Бір ерекшелігі — адамдардың мінезіне қараймын. Адамның мүмкіндіктерін өзгертуге, қатты қозғалысын сындырып, жұмсартуға, жолға салуға болады. Бірақ – мінез туа бітті қасиет. Ертең елеулі концерттер үстінде мінезін көрсетіп, ансамбльдің абыройын құлататын жандарға біздің ортада орын жоқ. Әсіресе, Шығыста қыздардың мінезі тулап тұратынын да мойындау керек. Ұлдармен келісімге келу оңайырақ. Бір мәмілеге келуге болады. Сондықтан арнайы сынақ ұйымдастырамын. Не істеп жүргенін, қалай істеп жүргенін бақылаймын. Иә, әу баста барлығы тыныш жүреді, аса қатты мінез көрсетіп жатпайды. Бірақ кейін... Біле білсеңіз, қатарымызда алыстап кететіндер көп. Жаңадан келген адам бір-екі айдан соң кетуі әбден мүмкін. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, бүкіл ансамбль шырқын бұзады-ау деген қауіпті байқасам, ары қарай жұмысты тоқтатуға тура келеді. Сондықтан ортамызда тек кәсіби өнер адамдарының болуын қалаймын. Мәселен, сол себепті де біз тойға шықпаймыз. Қаншама адам телефон шалады. Біз «жоқ» дейміз. Себебі той дегеніміз өнер үшін «халтура» орын. Көргенім көп. Алты филармонияда жұмыс істеп, тойдың қаншама талантты адамдарды бұзғанына куәмін. «Талантына сүйене жүріп, талай шыңды бағындырар ме еді» дерсің. Бірер сағатта ән айтып, би билеп, тамаққа тойып, оған қоса жақсы ақша алып, «рахат» өмірге тез бейімделесін. Бірақ, тоқмейілділік талантқа, жалпы адам баласына ауыр тиеді. Ондай орта күнә арттырмайды, адамның әрекетшілдігін құртады деп айтқан дұрыс. Қараңыз, тойға шыққан биші қалай қимыл жасайды? Ол қол иірімін толық орындамайды, белін барынша бүкпейді. Сол жерде білгенін орындап, кетіп қалуы керек. Ертең протоколды түрде өнер көрсетсе не істейді? Дұрыс. Ол үйреншікті ісін қайталады. Яғни, бар өнерін тойдағы әдеттегі ортаға салмайтын болады. Міне, осыны көріп, көңілім қалды. Сондықтан біз тойға шықпаймыз. Соған қарамастан, қатарымыздағы ұл-қыздар көліктерін алып, дәулеттерін арттыра алды. Хабарласып, ақшасын төлейміз десе де, біздің жауабымыз қысқа: жоқ. Оның орнына концерт қойып берейік. Тегін өнер көрсетсек те, өнердің мәртебесін түсірмейік. Халық үшін қам жейтін өнер адамдарымыз екенін ұқса лайым. Бар тілегіміз сол — жалақымызды алып, өз мәдениетімізді көтеруді тілейміз. Міне, жуықта ғана Риддер қаласы хабарласып, есептік концерт өткізіп беруімізді сұрады. Қуана-қуана барамыз. 29 қараша күні таулы қаланың сахнасында өнер көрсетеміз.

– Сіздің қызметіңізді алмағанда. Шығармашылықтың мұндай қиындықтары бары рас та. Шешімін табу үшін, мәселенің мәнін, ең алдымен «маңызды сұрағын» анықтап алсақ. Не айтар едіңіз?

– Басты мәселе — тарихымыздың, төл мәдениетіміздің ұмыт қалып бара жатқанында. Ұлттық таным деген ұғымды жете түсінбейтін болармыз. Мәселен, орыс режиссерін қазақ ансамбліне, театрына қойса, «Наурыз» мерекесінің бар көркемдік кереметін ашып бере ала ма? Жоқ деп ойлаймын. Бұл режиссерді кемсіту емес, ұлтынан ұру емес, керісінше ол да өз мерекесін, мәселен «Масленицаны» өзінен артық ешкім түсіне алмайтынын біледі. Сондықтан әр нәрсенің, әр адамның өз рөлі болуы керек. «Республика», «Тәуелсіздік» күндерінің мәнін, мағынасын, маңыздылығын, құрбандығы мен өтемін көрген, сезінген азаматтар жақсы түсінеді. Облысымыз да өзіміздің төл танымға терең бойлап келеді. Бұл маған ұнайды. Әрине, мұндай мақсаттардың жүгі ауыр екенін де сезіне, түсіне алуымыз жақсы.

– Әртістерді іріктеуде шектеулер бар ма?

– Аяғының басуына, тыныс алу қабілетіне қараймын. Ұл балалар — «алтын қор». Оларды табу қиын. Сондықтан жібермей, уысымда ұстап тұруға тырысамын. Ал қыздардың тынысы бұзылып, шаршап шалдығу байқалғанда жұмысты тоқтатамыз. Репетицияларымды бишілердің тыныс алу қабілетіне негіздеймін. Яғни, жиырма нөмірді тоқтаусыз, соңына дейін жалғастыра беремін. Кімнің шаршап, шалдығып қалғанын көрсем, оны ауыстыра алатын талант иелерін іздей бастаймын. Репетитор болуға жол көрсетіп жіберемін.

– Ансамбльді өзіңіз құрғаныңыз белгілі. Бес жылда әлемдік сахнаға шығарып, Қазақстанды ғана емес алыс-жақын шетелді мойындаттыңыз. Мұның сыры неде?

– Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, Мәдениет басқармасы мен филармония көп қолдау көрсетті. Нәтижесінде «Алтай» ансамблі республика бойынша үздік ондыққа кіріп отыр. Жетекшісі ретінде мен үздік үштікке кірдім. Айналдырған бес жыл шамасында жетістіктеріміз көп. Жуықта ғана Қытай елінде болып, 12 мемлекеттен келген өнер майталмандарымен бәсекелестікке қатысып, сахнаға шығып гран-при ұтып алдық. Франция, Польша, Қытай, Пуэрто-Рико, Оңтүстік Америка және Африка елдерінен келген азаматтардың да өнеріне куә болдық. Жеңістің өз сыры болғаны анық. Костюмдерімізді өзіміз арнайы тіккіземіз, басқа да еңбегімізді еселей түсетін шаруалармен айналысамыз. Жер шарындағы түрлі елдерден іріктеліп келген таланттар ортасына он екі түрлі киім үлгісін алып бардық. Бұл жерде әртістігіммен барған шет елдердегі тәжірибем көп көмектесті. Сыры анық: көптеген елдер бір-екі киім үлгісін алып келіп, бар қойылымды сонымен орындап шығады. Ал біз бір қойылымда он екі костюм ауыстырып, көрермендерді таң қалдыра алдық.

– Шетелге алғашқы сапарларыңыз ба?

– Иә, алғашқы сапарымыз осы. Ел асып, өнер көрсетуде көптеген қолдау таптық. Бұл сенімді толық ақтай алдық деп санаймын. Әрине, мұның соңында қыруар еңбек, амалдар мен тапқырлық жатыр. Қазақстаннан шығарда жиырма бес келі кәмпит сатып алдым. Барбарисі, ирисі бар. Шабадандарға салып, ұл-қыздарға ұстаттым. Сахнада «Балбырауын» ойнап жатыр, қыздар билеп жүр, сол ортада шашу шашып үлгердік. Мұндай үйлесімді кереметті көзбен көрмесең, айтып жеткізу қиын. Қазір «Алтай» би ансамблі Шығыс Қазақстанның бетке ұстар өнер ұйымына айналды деп кәміл сенемін. Шынымды айтсам, Гран-При әкелгеніме жеке басым да қатты қуанамын.

– Әлемдік маңызы бар іс-шараға республика деңгейінде Астана немесе Алматы қалаларында жұмыс істеп жүрген өнер топтары бармай ма? Мұндай сайысқа өңірден «Алтайдың» баруы қалай болды?

– Ол сұрақ талқыланбады да. Маған хабарласып, «сен барасың» деді, болды. «Жеңілсең қайтып оралма» деп жігерлендіріп те қойды (күледі). Көріп тұрғаныңыздай, олжалы қайтып оралдым. Тек бұл емес, қытай тарапы өнерімді бағалап арнайы сыйлық табыстады. Аспан асты елінде фарфордан түрлі бұйым жасайтын жалғыз шебер қалған екен. Бір туындысы — «фарфор кесені» табыстады. Құны жағынан ақшалай, еңбек пен өнер тұрғысынан есептесең де, баға жетпес сыйлық.

– Жоспарларыңыз қандай?

– Жоспар көп, әрине. Барлығы қаржыға келіп тіреледі. Қытай елінде көптеген шақыртулар алдық. Польша, Грузия елдері бізді өз сахнасында көруді тіледі. Франция елі, әсіресе, ерекше тәнті болғанын айта кету керек. «Ансамбльдерің сондай керемет. Біз жай ғана сахнада жүріп өткендей болдық, ал сіздер болсаңыздар шынайы «бимен» шықтыңыздар» деген жағымды сөздер айтты. Сол сияқты Оңтүстік Америка елінен бір шақыру алдық. Қазір бізге Еуропа бару өте қажет. Әртістердің бойлары қызу, жанарлары жанып тұр. Лаулап тұрған шағында осы сапарға шықсақ сәтті болар еді.

Сұхбатыңызға рақмет!




Айдос Мырзахметов 


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу