ШҚО-да өткен «Altai Invest» форумы аясында 740 млрд теңге инвестиция тартылды
Биыл Шығыс Қазақстан экономикасы тұрақты оң динамиканы көрсетуде. Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 129%, инвестициялар 117%, құрылыс жұмыстарының көлемі 116%, ал ауыл шаруашылығы 115% болды. Өңірдің меншікті кірістері 113%-ға артып, 195 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлімдеді.
Өңірде жыл ішінде 23 мың жұмыс орны құрылды, оның 17 мыңы – тұрақты. Бұл жұмыссыздық деңгейін 4,6% мөлшерінде сақтап қалуға мүмкіндік берді. Шағын және орта кәсіпкерлік 152 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар арқылы бизнесті қолдау үшін 92 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жыл қорытындысы бойынша облыстың жалпы өңірлік өнімі 5,5 трлн теңгеден асады деп болжануда, өсім – 102%. Бұл нәтижелер өңір экономикасын одан әрі дамытуға негіз қалыптастырады.
Бүгінде облыста жаңа инвестициялық жобалар қалыптасуда. Тізімде жалпы сомасы 1 трлн теңгеден асатын 81 жоба бар, оның 64-і белсенді іске асуда. Биыл құны 55 млрд теңге болатын 15 жоба іске қосылып, нәтижесінде 400-ден астам жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар өңірде техногендік әдіспен шикізат өндіру дамып келеді. Бұл бұрын қолжетімсіз болған қорларды айналымға енгізуге және ескі қалдық қоймаларынан бағалы металдарды өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстан – атом энергетикасы үшін басты отын жеткізушілердің бірі: «Үлбі-ТВС» кәсіпорны отын жинақтарын өндіру бойынша жобалық қуатқа жетті.