KZ
Өскемен
+5°
ясно жел 1,1 м/с, В
479.38 531.63 5.27

Өскеменде көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы мәжбүрлі түрде тоқтатылды

9.11.2023, 21:15 265 Мадина Амангелдіқызы

Облыс орталығындағы Красин көшесі, 11в мекен жайында орналасқан «Grand Residence» көпқабатты тұрғын үй кешені рұқсат құжаттарынсыз салынып жатыр. Бұл мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау (МСҚБ) қызметкерлері жүргізген тексеру барысында анықталды.
Сот шешімімен құрылыс жүргізуші және алдын ала брондауды жүзеге асырған компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен – 525 АЕК. Алайда әкімшілік шараларға, МСҚБ ұйғарымына және сот шешіміне қарамастан нысанның құрылысы бүгінге дейін тоқтатылмаған.

– Бұзушылықтар жойылғанға дейін нысанды бекіту туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар бұл компания («MRS Company» ЖШС) құрылысқа үлескерлер қаражатын тартқан. Ал сатуды «Dala SK» компаниясы жүзеге асырады, оларға қатысты да шаралар қабылданды, – деді ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімінің басшысы Самат Қайырдинов.

Қазір құрылыс нысанының уақытында қолданысқа берілмей қалу қауіпі бар. Бұл ақшасын осы үйдің құрылысына салған тұрғындарға келеңсіз жағдай туғызуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, тапсырыс берушінің қолында бастапқы деректерді келісу қағазы және мемлекеттік сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамасы да жоқ. Сол себепті заңнамаға сәйкес, құрылыс жүргізуші аталған нысанның құрылысын бастауға құқылы болмаған. 
Ал «MRS Company» ЖШС басшысының айтуынша, олардың қолында жобалық құжаттама мен көп қабатты тұрғын үйге техникалық зерттеу қағаздары бар. Алайда қала билігі жүзеге асыратын шағын ауданды егжей-тегжейлі жоспарлаудағы өзгерістерге байланысты құжаттарды сараптау мен бекіту рәсімдері тоқтатылды. Құрылыс жүргізуші компания тексеру кезінде анықталған бұзушылықтарды жоққа шығармайды, бірақ оларды жоюға берілген уақыт жеткіліксіз болғанын айтады.

- Біз қойылған талаптардың көбін орындадық, енді тек сараптама, егжей-тегжейлі жобалау жоспары мен талон алу қалды. Сот шешімімен келіспейміз, құрылыс жалғасады. Құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімдеуге өзіміз де мүдделіміз, – деп түсіндірді «MRS Company» ЖШС директоры Мұратбек Нұрғалиев.

Өскемен қаласының сот актілерін орындау жөніндегі ауданаралық аумақтық бөлімі басшысының ақпаратына сәйкес, тексеру ісі сот актісінде көрсетілген барлық тармақтар орындалғаннан кейін ғана тоқтатылады. 

- Сот шешімін орындаудан қасақана жалтаратын болса мерзімі өткен әрбір күн үшін мемлекетке он АЕК мөлшерінде өсімпұл өндіріп алынатын болады. Серіктестік директоры талаптарды орындау жөнінде түсініктеме беріп, міндеттеме алды. Қазір құрылыс жұмыстар тоқтатылуға тиіс, - деді Өскемен қаласының сот актілерін орындау жөніндегі ауданаралық аумақтық бөлімінің басшысы Фарида Слямова.

Айта кетейік, Өскеменде үлескерлер қаражаты есебінен тұрғын үй салып жатқан бес компания әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олармен де заңнамаға сәйкес тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.
Осы орайда аймақ тұрғындары қандай да бір құрылыс нысанына өз ақшасын салмас бұрын оған жауапты құрылыс компаниялары ұсынған құжаттар мен шарттардың талаптарын мұқият зерделеп алғаны жөн.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив