Көптің құрметіне бөленген жан
Мәдениет қайраткері, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы, «Өскеменге сіңірген айырықша қызметі үшін» төсбелгісінің иегері, Өскемен қаласы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағымбек Ақанов – адал еңбегімен, адамгершілігімен, қайсар мінезімен, парасат-пайымымен жұрт ықыласына бөленген жан. Жуырда Шығыстың абыз ақсақалы «Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағымен марапатталды, деп хабаралайды Altainews.kz тілшісі.
Сәкеннің балалық шағы соғыстан кейінгі қираған шаруашылықты қалпына келтіру кезеңімен тұспа-тұс кеп, жоқшылық азабын біркісідей көрді. Ол 1944 жылдың 10 тамызында Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылында дүниеге келген. Ақжар ауылындағы Абай мектебін бітіріп, әскери борышын өтегеннен кейін еңбек жолын 1968 жылы Тарбағатай аудандық газетінде әдеби қызметкер болып бастаған.
1974 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1974-2009 жылдары Тарбағатай аудандық партия комитеті насихат бөлімінің меңгерушісі, Тұғыл ауылының әкімі, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары, Ұлан аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы қызметтерін атқарып, зейнетке шыққан.
Еңбек демалысына шыққан соң «Алтын арқау» қоғамдық бірлестігін құрды. Шығыс өңіріндегі саяси репресия жылдары жазықсыз жазаланған, кейін ақталған 4500-ге жуық адамның есімі жазылған «Азалы кітапты» 2011 жылы баспадан шығарды. Осы еңбегі үшін «Естеліктерді жаңғыртқаны үшін» төсбелгісімен марапатталды. Шығыс өңірінде бата беруден облыстық байқауының, «Айтайық жарапазан елімізге», «Қазыналы қара өлең» сайыстарының жобасын жасап, ұйымдастырды. 2020 жылы ақпарат және қоғамдық даму министірлігі жариялаған байқаудың «Тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау» аталымының жеңімпазы атанды. Ол – Ұлан өңірі бойынша «Туған өлке туралы не білеміз?» жер-су атаулары туралы кітабының авторы.
Өскемендегі Жібек маталар комбинаты шағын ауданының ақсақалдар ұйымы жылдық жоспар бойынша жұмыс істеп келеді. Спорттық, зияткерлік ойындар өткізеді, ақсақалдарды мерейтойларымен марапаттайды. Қаладағы №44, 45, 47, 46, 20, 24 мектептердің тәрбие жұмысына атсалысып, ақыл-кеңестерін беріп отырады.
Сағымбек Ақанұлы қарадүркін емес, өнерді сезінетін, талғамы жоғары басшы, әр сөзі орынды, мағыналы. Сәкен – күміс көмей әнші де, қаламы қарымды тілші де. Қалалық ардагерлер кеңесі атқарып жатқан ауқымды іс-шаралардың бір парасы Сағымбектің иығында екені белгілі.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Сәкеннің жанұясына амандық, саулық тілейміз!
Нұрғожа Серьянов,
ардагер ұстаз