Мектептерге темірдей тәртіп керек
Фото: pexels.com
«Балам тәлімді-тәрбиелі болсын десең – қатал бол!» деген сөз бар. Қаталдық – қатыгездікке жатпайды. Ең бастысы – қатал боламын деп баланың жүрегін жаралап, еркелетемін деп жүгенінен айырылып қалмау керек.
Қазір есейген балаларды айтпағанда, бір-екі жастағы сәбидің өзі адамды қас-қабағынан таниды. Таниды да, қабағыңа қарап еркелеп, қабағыңа қарап тентектігін көрсетіп жатады. Ал адамның қабағын баға білу үшін балаға сана керек. Санасыз балаға сен қабағыңды түйіп тұрсың ба, жоқ жұдырығыңды түйіп тұрсың ба – бәрібір. Себебі, оған Алла тағала сана, яғни, ақыл бермеген. Берсе де шамалап, шектеп қана берген. Сондықтан да ол бала қабағыңды былай қойып, не әйіңді, не шәйіңді ұқпайды да, тыңдамайды да.
Осындайда атам қазақтың ащы, ащы да болса ақиқат:
- Е, Алла маған бала бер,
Бала берсең, сана бер,
Сана бермесең, ала бер! – деген салмағы батпандай ауыр сөзі еріксіз ойыңа оралады. Ақиқатында, шындығы сол ғой. Ақылсыз бала не істемеуі мүмкін? Ондай ақыл-есі кем боп туған бала үй-ішіне ғана емес, ертең өсе келе айналасына, жалпы қоғамға да зиянын тигізіп, қауіп туғызуы әбден мүмкін ғой...
Жаза бассақ, жазалап алатұғын
Кез келген ата-ана Алладан жалынып-жалбарынып тілеп алған перзентінің жақсы оқығанын, тәлімді-тәрбиелі, қатарының алды болғанын қалайды. Сол балаларымен мақтанғылары келеді.
Алайда, балаңның жақсы оқығанын, үлгілі болғанын, тәртіпті боп өскенін үйде отырып тілеп, үйде отырып қалағаннан қандай нәтиже шыға қояр екен?! Жарайды, үйдегі тәрбиесі өзіңнің көз алдыңда, назарыңда, қадағалауыңда болсын-ақ дейік. Ал, үйден тыс жерде бала мектепке бармай ма, ондағы сыныптастарымен, көшеге шығып көрші-қолаңның балаларымен араласып-құраласпай ма?! Ол кіммен араласып жүр, сабақтан тыс уақыттарда немен айналысады? Бәлкім өзінен жасы үлкен балаларға еріп, соларға еліктеп, солардың дегенімен жүріп, нұсқағанымен тұрып жүрген шығар?! «Қызым үйде, қылығы түзде» дегенді біздің аталарымыз ерігіп отырып айта салмаған болар?!
Сондықтан баланың үйдегі көрген тәлім-тәрбиесі, тыйым-сыйымы т.б. міндетті түрде мектепте жалғасатындығы бесенеден белгілі. Ал сол үйдегі үрдіс, үйден басталатын тәлім-тірбие сабағы мектепте қалай жалғасын табады, жалпы, жалғаса ма, жоқ па?!
Ертеректе мектептегі тәртіп мәселесі көбінесе ер мұғалімдердің мойнында болатын да, әсіресе ұл балалардың тәртібін сол ағайларымыз қадағалайтын. Қадағалағанда, оқта-текте балалықпен бірдеме бүлдіріп қойсаң, мәселең кәдімгідей майшаммен қаралатын. Бала болғасын аздап-аздап білместігіміз де, аздаған тентектігіміз бен еркелігіміз де болғандығын жасырып қайтеміз. Бірде сабақтан кешігіп қаласың. Бірде сабақтан ерте кетіп қаласың. Енді бірде галстук тағуды ұмытып кетсең, кей күндері әлдебіреулермен шекісіп қаласың дегендей, балалыққа тән қылықтар біздің басымызда да анда-санда боп тұратын. Сондай кездерде мектеп тәрбиесімен айналысатын ағайларымыз кабинеттеріне кіргізіп ап біраз төмпештеп, құлағымыздан созып, тақтаға басымызды ұрып, іштен түйіп-түйіп қап біраз қолдарының қышуын қандырып алатын.
Бірақ, сол ағайлардың әлгіндей «жазалауларына» бола мектеп директорына, милицияға немесе ата-анасына шағымданып, арыз жазған бірде-бір оқушыны көрмеппін де, естімеппін. Білмеймін, сол кездегі біз сондай көмпіс болдық па болмаса жазылмаған заң сондай ма, әйтеуір бәрі де сол «жазаланған» кластың ішінде қалатын, сыртқа ештеңе шықпайтын.
Қазір ғой, құдай сақтасын! Біреудің баласының құлағын бұрағанды былай қойып, жәй әншейін саусағыңның ұшымен нұқып көріңізші?!
- Бітті, сотталдым! - дей беріңіз...
Қайсыбір «мамасының баласы» атанған еркетотайлардың ұрынуға қара, ілігуге шара таба алмай жүрген адуын мамалары сотқа да, прокурорға да шағымды қарша боратады. Ол аз болса жер тепкілей кеп, директордан бастап, класс жетекшісімен қоса екі аяқтарын бір етікке тығып, бүкіл мектепті қырып-жойып кете жаздайды ғой...
Мысал дейсіз бе? Мұндай оқиғаларға мысалды мыңдап келтіруге болады. Бір таңғаларлығы, мұғалім мен оқушының арасында болған кез келген кикілжің атаулының барлығында дерлік мұғалім жазықты, мектеп кінәлі боп шығады екен. Неге? Себебі, біздің заң орындары болған оқиғаға біржақты әрі атүсті ғана қарап, не нәрсенің болмасын байыбына барып алмастан асығыс шешім қабылдай салатын көрінеді.
«Мұғалім балаға не үшін ескерту жасады? Не себеппен ұрысты немесе ұрды? Мектеп әкімшілігі мұғалімге немесе оқушыға қандай шара қолданды? Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?» деген сұрақтар үнемі жауапсыз қалатын көрінеді. Сондықтан, дәл осы мәселеге байланысты, екі жақтың да уәжін мұқият тыңдап, болған жайды жан-жақты зерделеп ақ-қарасын айырып ап барып, әділ шешім қабылдайтын арнайы заң болуы керек секілді.
Ағайларға еліктеп, бой түзедік
Сөздің шыны керек, қазір өзі кез келген өңірдің, кез келген мектебінде ер мұғалімдер бірен-сараң болмаса, іздеп табу қиын. Тіпті қайсыбіреулерінде мүлдемге жоқ деуге болады. Бұл «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп әйтеуір долбарлап айта салған сөз емес.
Нанбасаңыз қараңыз:
Осыдан жүз жыл бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» деген екен. Мамандардың айтуынша, соңғы кезде мектеп қабырғаларында болмысы болбыр, қимылы сылбыр, қыз мінезді ұлдар көбейіп бара жатқан көрінеді.
Ер мұғалімдердің жетіспеуі 60-70-ші жылдары Түркия мемлекетінде де байқалған екен. Түріктің қоғам белсенділері «Ер ұстаздардың аздығынан ер балаларымыз ұсақталып кетті. Жібектей сызылып, қыз мінездес болып барады. Намыссыздық, сөзге тұрмау, екі сөйлеу, сатқындық кең етек жайып барады» деп мәселе көтереді. Сонда Түркия билігі тарапынан арнайы бағдарлама қабылданып, ерлерді мектепке тарту мәселесі алдыңғы кезекке қойылған. Мектеп ұстаздарының тең жартысы ер мұғалімдерден жасақталып, екі-үш жыл ішінде теңсіздік реттелген екен.
60-70 жылдары дегеннен шығады. Менің тұстастарым 1970 жылы бастауыш мектеп табалдырығын аттап, үш сыныптан соң орта мектепке бардық. Жалған сөйлеуге болмайды. Бастауыш мектепте өз басым ер мұғалім көрген жоқпын. Қазір ойыма алып, санап көрсем, 80-ші жылы бітіріп шыққан орта мектебімізде бас-аяғы 30-40 мұғалім болса, соның 15-20-сы, яғни, жартысына жуығы ер азаматтар болған екен. Біз сол ағаларымыздың бірінен тайсақтап, именіп жүрсек, бірінің киген киіміне, қойған шашына еліктеп бой түзедік, енді біреулері сабақтан тыс уақыттарда домбыра оркестрінде сабақ беріп, енді бірі спортзалда спортпен айналысуымызға мұрындық боп жүретін. Қазіргі мектептерден ондай көріністі де, үрдісті де көрмейміз.
Тәрбиені ел болып қолға алайық!
Бұл мәселені елдегі мамандар білмей отырған жоқ. Психологтар «Бұл беталысымыз ұлтымыздың ертеңі үшін қауіпті!» деп дабыл қаққалы да біраз болды. Ұлы мамандықтан азаматтарымыз неге алыстап кетті? Әлде ұстаздық етуден жалықты ма? Қалай десек те, қоғамда ер мұғалімдердің аздығы ер баланың тәрбиесіне тікелей әсер ететіні туралы да сөз көп.
Осы жайлы журналист-жазушы, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, профессор Марат Тоқашбаев өз ойымен былай деп бөліскен екен.
- Тәрбие мәселесінде ер адамдың орны әрқашан ерек қой. Еркек түздің адамы болғанымен, оның тұлғасының өзі үлкен маңызға ие, – дейді ғалым.
- Сол сияқты мектептерде ер ұстаздардың көптеп болуы өзінен-өзі көптеген мәселелердің оңды шешілуіне әсер етеді. Әуелі тәртіп орнайды. Кейбір балалар еркелетсең, еркінсіп, бос қоя берсең, босаңсып кетеді. Ал ер азамат бар жерде бала жинақы, түзу жүреді. Ер адамның сөзі де салмақтырақ, өтімдірек болып келеді. Тапсырылған міндет көбіне ер адамның аузынан шықса, оның орындалуы да уақытылы болып жатады. Әйел адам мейірбан, жұмсақ, кешірімді болатындықтан, оған бала еркелегіш болады. Тентек, бұзақы балаларды тәртіпке салуда да ер адамның айбыны зор мәнге ие. Зілді көзі, өңменіңнен өтетін сөзі баланы сабасына түсіруі мүмкін. Әйтпесе жоғары сыныптағы ұл балалар «апайларына» бағына бермейді. Сондықтан мектептердегі ер мұғалімдердің санын көбейту керек. Ол үшін бірінші кезекте мұғалімдердің жалақыларын көтеру жолымен әлеуметтік тығырықтан шығарып, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау білдіруіміз керек.
Жоғарыда айтылып жатқан министрліктің, ғалымдардың, осы сала мамандарының сын ескертпелері мен дәлел-дәйектері ескеріліп, ұсыныс-тілектері қабылданып жатса, еліміздегі мектептерде біраз жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан бұл мәселе міндетті түрде оң шешімін табар еді.
Ол үшін не істеуіміз керек?
Ол үшін бір кездегі Түрік мемлекеті секілді қазақ мемлекеті тарапынан да мектептерге ер мұғалімдерді көптеп тартатын арнайы бағдарлама қабылданып, олардың әлеуметтік ахуалдарына ғана көңіл бөлмей, заң жүзінде абырой-беделдері де қорғалып, ата-аналармен ортақ тіл табысатын қарым-қатынас орнатып, бала тәрбиесін ел боп, мемлекет боп қолға алуымыз керек...
Серік Құсанбаев