Өңірдегі медициналық туризмнің әлеуеті жоғары
ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығы елімізде медициналық туризмді қолға алған алғашқы клиникалардың бірі. 2024 жылдың қаңтар айынан бастап клиника Қазақстандық медициналық туризм қауымдастығына тіркелген. Алайда медициналық туризмге қатысты нақты жобаны орталық ағымдағы жылдың мамыр айында бастапты, деп хабаралайды Altainews.kz тілшісі.
19 наурызда ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Қазақстандық медициналық туризм қауымдастығының басшысы Кристина Кривецпен және өңірдің кейбір медициналық мекемелерінің басшыларымен кездесіп, облыстың осы бағыттағы әлеуетін талқылап, шетелдік пациенттерді тарту стратегиясын белгілеген болатын.
Облыс басшысы медициналық мекемелер барлық бизнес-процестерді қайта қарауға мәжбүр болатынын атап өтті. Бұл жағдайда емдеу орындары зерттеулер мен емдеудің сапасына ғана емес, сонымен қатар қызмет көрсету деңгейіне де назар аудару керектігін баса айтты. Пациенттерді жақсы тамақтандыру, оларға жайлы өмір сүру жағдайларын жасау, емдеудің барлық кезеңдерінде сүйемелдеу қажет.
Алыс шетелден қырық адам келіп емделген
Өңірдегі медициналық туризмді ары қарай дамытудың перспективалары мен ынтымақтастықтың мүмкіндіктері облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында өткен дөңгелек үстел барысында жан-жақты талқыланды. Іс-шараға орталықтың директоры Гүлмира Сагидуллина бастаған орталық мамандары, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаев, облыстық кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Кабаков, сондай-ақ өңірдегі туристік фирмалардың, мейрамхана және қонақ үй бизнесінің өкілдері қатысты.
Осы уақыт аралығында клиниканың қызметіне тіпті сонау Америка Құрама Штаттарынан төрт адам, Германиядан бір адам, Украинадан екі, Монғолия мен Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Ресейдің шекаралас аумақтарынан барлығы 40 адам жүгінген. Ішкі туризм бойынша 115 адам келген. Олардың арасында Астана, Алматы, Ақтөбе, Абай, Қарағанды, Талдықорған облыстарынан, Түркістаннан келген клиенттар бар. Бір сөзбен айтсақ, келушілердің географиясы өте ауқымды. Мамандардың сөзіне қарағанда, келушілер арасында Check-up кешенді зерттеу бағдарламалары және диагностика мен емдеудің бірегей әдістері, сондай-ақ қызметтің жоғары деңгейі үлкен сұранысқа ие. Орталықтың бүгінгі қызметіне қарап, облыс әкімі айтқан талаптардың барлығы бұл жерде орындалып жатқанын көреміз.
Тағы бір қызықты дерек, орталыққа тек Check-up шеңберінде тексерілу үшін ғана емес, нақты бір қызмет түріне келген клиент те бар екен. Клиниканың маммолог-онкологтары сүт безіне реконструктивті- пластикалық оталарды да сәтті орындап жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Италиядан келген келіншектің сүт безі обырын бізде емдеткені туралы жазғанбыз. Енді осы пациент өзіне әдемі төс жасату үшін біздің мамандарды арнайы іздеп келіпті. 1995 жылдан осы жерде жұмыс істейтін, маммология және онкогинекология бөлімінің меңгерушісі, жоғары біліктілік санатты хирург-онколог Серік Мұхамеджанов осы эстетикалық мәселелермен айналысады. Біліктілігін Лонданда ұштап келген маман жас әріптестерімен бөлісіп, бүгінде үш дәрігер пластикалық оталар жасайды.
Озық технологиялар қолданылады
Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі кешенді жоспарының арқасында облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы еліміздің жетекші медициналық алаңдарының біріне айналды. Осы бағдарлама шеңберінде 2017 жылдан бастап орталық жоспарлы түрде заманауи жабдықтармен жабдықталды, ал оның мамандары шетелде біліктіліктерін арттырып келді. Соның нәтижесінде көрсетілетін қызметтердің деңгейі едәуір артып, ішкі және халықаралық медициналық туризмді дамыту үшін жаңа перспективалар ашылды.
Шығыс Қазақстан облыстық онкология және хирургия орталығы-медициналық қызметтердің толық спектрін ұсынатын еліміздегі ең ірі көпсалалы клиникалардың бірі. Негізгі басымдықтар диагностика мен емдеудің озық технологияларын қолдануға берілген. Клиникада қызмет халықаралық стандарттарға сәйкес көрсетіледі. Емдеу орны еліміздің басқа бір де бір клиникасында жоқ бірегей жабдықтармен қамтылған. 128 тілімді компьютерлік томограф және 3 Тесла магнитті-резонансты томографтың көмегімен бүкіл денені толық медициналық тексеруден өткізуге болады және дәл диагноз қою үшін сәулелік диагностиканың инновациялық әдістері қолданылады. Орталық елімізде МРТ бақылауымен жоғары қарқынды фокусталған ультрадыбыстық терапияны енгізген жалғыз клиника. Аталмыш технология хирургиялық отаға балама ретінде қолданылады. Мысалы, жатыр миомасын, қуық асты безінің ауруларын және сүйек метастаздарын пациентті ауруханаға жатқызбай-ақ, амбулаториялық жағдайда тиімді емдеуге мүмкіндік береді.
Қызмет көрсету деңгейі және пациенттерді қолдау
Операциядан кейін пациенттердің жағдайы заманауи жабдықталған ояну және қарқынды терапия бөлмелерінде тәулік бойы бақыланып, тез қалпына келтіруге бағытталған қарқынды терапия жүргізіледі. Кең және жайлы палаталар, заманауи жабдықтар, жеке тамақтану және қызметкерлердің қамқорлығы - барлығы пациенттерге ыңғайлы әрі қолайлы етіп, өте жоғары деңгейде жасалған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында орталықтың жұмысымен танысып, қызметіне жоғары бағасын берген-ді. Президент сол жолы көрсетілетін медициналық қызметтердің жоғары деңгейі, мамандардың жоғары біліктілігі мен орталықтың заманауи жабдықтармен жарақтандырылуы өңірдегі медициналық туризмді табысты дамытуға негіз бола алатынын атап өтті. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова орталықтың осы бағыттағы жұмысы сәтті болатынына сенім білдірді.
Гүлмира Сагидуллина атап өткендей, Шығыс Қазақстан өзінің қайталанбас тұмса табиғатымен танымал. Сол себепті Шығысқа денсаулығын тексертуге келген туристер озық медициналық қызметтермен қоса жайлы әрі қызықты демалу мүмкіндігіне ие болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Осы жерде оқырманға түсінікті болу үшін айта кеткен жөн, клиникада жасалып жатқан барлық қолайлы жағдайлар, инновациялық технологиялар өзіміздің тұрғындарға, онкологиялық есепте тұрған науқастарға да қолжетімді әрі тегін. Ертең туристердің легі артқан кезде өңірдегі онкологиялық көмекке мұқтаж жандар үшін қызмет көрсету аясы тарылады не болмаса сапасы төмендейді деген ой болмау керек. Басымдық кепілдендірілген медициналық тегін көмек алушыларға беріледі, клиника басшылығы осы мәселені қадап айтты. Ал медициналық туризм клиникаға қосымша қаражат табуға, сол арқылы емдеу орнының жабдықталуын, инновациялық технологияларды енгізуді одан әрі дамытуға мүмкіндік бермек.
Онкологиялық орталықтың қызметімен танысу барысында кәсіпкерлер медициналық персоналдың пациенттермен қарым-қатынасын, сервис және коммуникация деңгейін жоғары бағалады. Дөңгелек үстел басында шақырылған қонақтардың тығыз ынтымақтастық туралы өз көзқарасын білдіруге мүмкіндігі болды. Қатысушылар медициналық туризм дамудың перспективалы бағыты екенін атап өтіп, одан әрі бірлескен жұмысқа толық дайын екендіктерін білдірді.
Айна Ескенқызы
Фото: Онкология орталығының баспасөз қызметі