Телефонды терроризм. Бұл жолы «Өскемен ГЭС-ін» жармақшы болды
Үстіміздегі жылдың қаңтар айының басында Глубокое ауданы полиция бөлімінің «102» жедел арнасына 56 жастағы ер адамнан оның танысы Өскемен ГЭС-іне жарғыш құралын қойды деген күмәнді хабарлама келіп түскен.
Полиция қызметкерлері мен тиісті органдар дереу оқиға орнына барып, тексеру жүргізген. Алайда сол жерге барған мамандар жарғыш құрылғыны таппады.
Осылайша ер адам объектіні «ойша» жарып, хабарлама жалған болып шықты.
- Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында спирттік ішімдік ішкен екі ер адамның арасында кикілжің болғаны анықталды. Ішімдікке масайған оның біреуі мұның соңы жауапкершілікке әкелетінін аңдамай, ойлағанын іске асыру үшін құқық қорғау органдарына жалған хабарламамен қоңырау соққан,-деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы (терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қаскөй 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.