Абай жолымен (фоторепортаж):
Абай жолы: Ақынның туған жерінде
Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ақын есімімен және өмірімен байланысты тарихи орындар жаңартылды. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз көзімен көрді. Сырт-Қасқабұлақта Абайдың қаламы мен қағазы бейнесінде стела тұрғызылып, аллея салынып, құдық абаттандырылды. Аңызға сенсек, бұл құдықтың суы адам өміріне нәр береді.
Аяулы мекен Ақшоқыда бабалар қорымы реставрацияланды. Оның жанына Құнанбай мұражайы салынған. Мұражай ішінде түрлі кездесулер мен брифингтер өткізуге арналған конференц-зал да бар.
«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені ең бір қастерлі жер. Кешеннің сәулетінде киелі жердің рухы да, тарихы да бар. Сондай-ақ заманауи мотивтер мен ұлттық нақыш көрініс тапқан деуге болады.
Қарауылда бес айдың ішінде 300 оқушыға арналған мектеп салынып, Назарбаев мектебінің стандарттары бойынша жабдықталды.
Абай есімі әрбір қазақтың жүрек төрінде. Еліміз аманда ұлы ақын есімі ұлықтала бермек. Абай – адамзаттың асылы. Абай – даналықтың мәңгілік символы.