Өскеменде жаңа ONAY! жүйесі толық іске қосылмақ

7 сәуірден бастап Өскемен қаласында жаңа ONAY! жүйесі толық көлемде іске қосылады. Бұл туралы ONAY! кеңсесінде хабарланды. Жүйені іске қосу бойынша барлық дайындық жұмыстары аяқталып, автопарктердің жылжымалы құрамы жабдықтармен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
21 наурызда техникалық іске қосу жұмыстары жүргізіліп, жүйенің компоненттері тексерілді. Жеңілдікті карталар беріліп, Бірыңғай көлік карталары сатылды. Жүйе пайдалануға дайын болғанымен, кейбір тұрғындар әлі де жаңа жеңілдік карталарын алмаған. Бұл әсіресе зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға және көп балалы аналарға қолайсыздық тудыруы мүмкін.
Көлік холдингінің директоры Дәурен Сәбитовтың айтуынша, жүйені іске қосу қиындық тудырмайды, себебі барлық жеңілдікті санаттағы адамдар өтініш беріп, карталарын алды.