Өскемен: Шілденің соңына дейін 11 балалар алаңы жабдықталады
Сурет автордікі
Облыс орталығында шілде айының соңына дейін «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 11 балалар алаңы жабдықталмақ.
Қала әкімі Жақсылық Омар бүгін жұмыс барысымен танысып, мердігерге кестеге сәйкес және сапалы жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Биыл аулаларды абаттандыру жұмыстарын алматылық мердігер жүргізетін болады.
– Біріншіден, мердігер жұмыстардың өте сапалы жүргізілуіне баса назар аударуы керек, балалардың қауіпсіздігі үнемі бірінші орында тұруы шарт. Екіншіден, тұрғындар мен балаларды көп күттірмей, кестеге сәйкес, мүмкін болса, одан да ерте аяқталуы тиіс. Негізінен, шілденің аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр, – дейді қала әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы қаладағы 4 аулада абаттандыру жұмыстары аяқсыз қалған болатын.
– Кейбір тұрғындар бізден ауланы кеңейтіп, көлік тұрағын қоюды сұраса, кейбірі тек балалар алаңын жабдықтауды сұрайды. Сондықтан ағымдағы жылы 30 ауланы жөндеуді жоспарлап отырмыз. Оның 11-іне балалар алаңы орнатылса, қалған 19-ында кешенді абаттандыру жүргізіледі. Барлық жұмыс тұрғындардың келісімімен жасалады, – деп атап өтті Жақсылық Омар.