Құрылысшы – қоғамдағы маңызды мамандықтың бірі. Экономикалық және әлеуметтік маңызы бар нысандар тұрғызып, елдің күш-қуатына үлес қосатын мамандық иелерінің еңбегі еленбей жатады.
Құрылыс саласында талай жыл қызмет атқарып келе жатқан Ержан Мақажанов кәсібінің маңызы мен түйткілді мәселелері туралы баяндады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ержан Мақажанов өткен ғасырдың соңынан бері осы салада қызмет етіп келеді. Қазір «VK Invest Company» ЖШС-де қызмет атқарады. Құрылыс саласының жай-күйін бір адамдай білетін маманның айтары да мол.
– Бір күніңіз қалай өтеді?
– Біздің әр күніміз таңертең 5 минуттық жиналыстан басталады. Ол кезде сол күнгі жоспарларды талдаймыз. Одан әрі іске кірісеміз. Нысандарды қарап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылаймыз. Істеліп жатқан жұмыстардың сызбамен сәйкестігін тексереміз. Жұмыстардың жылдам бітуіне қажетті шара қолданамыз. Керек материалдарды уақытында жеткізіп беріп отырамыз. Нысандардағы техниканың жұмысын қадағалаймыз. Сонымен күннің қалай өткенін байқамай да қаламыз.
– Құрылыс саласына қалай келдіңіз?
–1988 жылы Өскемен құрылыс техникумын бітіргеннен кейін бірінші рет құрылыс алаңына келдім. Ол кезде «Алтайсвинецстрой», оның ішінде «Промстрой» мекемесінде жұмысымды бастадым. Іргетас қалаушы болып жұмысқа кірістім. Одан кейін құрылыс шебері болдым, қазір бөлім бастығы қызметін атқарып келемін. Қазіргі жұмыс орнымда 2015 жылдан бері қызмет етемін.
– Өзіңіз құрылысына қатысқан қандай ғимаратты мақтанып айта аласыз?
– Осы уақыт ішінде бірнеше ғимарат салуға қатыстым. Оның ішінде майонез шығару, сұлы өсіру цехтарын салдық. «Казцинк» мекемесінде электролиз тәсілімен мыс шығаратын зауытты салуға қатыстым. Қазіргі істеп жүрген мекемеде үш тұрғын үй кешенін салып, тұрғындарға өткіздім.
– Сіз үшін мамандығыңыздың мәні неде?
– Мен үшін мамандығымның мәні – істеген жұмысымнан ләззат алу. Ғимараттарды салып болғаннан кейін оған қарап, келер ұрпаққа мынаны мен салдым, мен тұрғыздым деп мақтанышпен айтуға болады.
– Осы саланы таңдағысы келетін жастарға не айтар едіңіз? Салаға өз еркімен, шын жүректен қалап келетін жастар бар ма?
– Қазіргі жастар жұмысы ауыр деп құрылыстан қашады. Негізі, қыр-сырын біліп алса, еш қиындығы жоқ. Жастарға айтарым, қандай мамандықта істесең де, өзіндік қиындығы болады. Сондықтан құрылыс мамандығын таңдап алсаң, онда жасқанатын еш нәрсе жоқ. Бұл салаға келетін жастар бар. «Мен бәрін үйренуім керек, білуім керек» деп жұлқынып тұратындар да бар. Қазіргі жастарға айтарым, жауапкершіліктен қорықпай, белсене кірісу керек. Сонда ғана қиындықты жеңіп, істеген ісінен ләззат алады.
– Құрылысшы мамандығының мәртебесін көтеру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Бұл саланың мәртебесін көтеру университет, оқу орнының қабырғасынан басталуы керек. Жаңадан келген жастардың бойына бұл мамандыққа деген қызығушылықты сіңіре білу қажет. Бойына осындай сезім сіңген жастардың ортасында бәсеке пайда болады. Сол бәсекелестіктің арқасында мамандықтың мәртебесі жоғарылайды. Бұл – бірінші талап. Екіншіден, жаңадан келген жастардың әлеуметтік жағдайын ойластыру керек. Жаңадан оқу бітіріп келген маманның ең бірінші қиындығы – баспана мәселесі. Сол жағынан көмек болса. Осы мәселелерді шешу керек. Ең соңғысы, басқа салалардың мамандары мен құрылысшылардың еңбекақысы салыстырмалы түрде бірдей жақсы болуы тиіс. Әлеуметтік жағдайы қарастырылып, демалуға мүмкіндік беру керек. Басқа да бағдарлама ойластыру қажет. Мысалы, бонустық бағдарламалар. Жастарды қызықтырып, ғимараттың құрылысы біткеннен кейін артық қалған қаражатынан өзіне қосымша марапаттық еңбекақы алса. Осының бәрі мамандықтың мәртебесін өсіреді деген ойдамын, – деп сөзін түйіндеді Ержан Сағиұлы.