KZ
Өскемен
-2°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
492.22 529.38 5.03

Қазан айында 45 пәтерлі 2 үйдің құрылысы аяқталады – Өскемен

Фото – автордікі

24.08.2023, 17:31 305

Биыл қазан айының соңында Өскемен қаласында жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша салынған 2 көпқабатты үй қолданысқа беріледі. Қ.Сәтбаев даңғылында салынып жатқан қос үйге 90 отбасы қоныстанады.  

Қазіргі уақытта спорттық кешеннің артындағы аумақта 4 үйдің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

– Біз 2021 жылы спорт объектілерінің артындағы осы шағын ауданды тұрғын үй құрылысын салу үшін бекіттік. Бұл жерде 32 үй салынуы керек. Бұл аудан қазір ел ішінде «спорт ауданы» деп аталады. Қазір сол үйлердің 5-уі салынды, 12-сінің құрылысы жүріп жатыр, қалғаны – жоспарда. 87, 88-позициядағы екі үйден Отбасы банкі арқылы 90 отбасы пәтер алады. Қазір өтініштер қабылданып, Отбасы банкі іріктеп қойды. Менің білуімше, іріктеуден өткен 80-нен астам отбасы тапсырыс беріп үлгерген. 87,88-позициядағы екі үйді жақын екі айдың ішінде толық аяқтауымыз керек. Өйткені, «Отбасы банк» бойынша алатындар – әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар бала өсіріп отырған отбасылар, жетімдер. Азаматтар пәтердің бір шаршы метрін 200 мың теңгеге, жеңілдетілген несие арқылы алады. Жеңілдетілген несие бойынша алса да, біз үйдің сапасын төмендетпеуіміз керек. Қазір құрылысшыларға қойған бірінші талап – осы. Мердігер маған құрылысты 2 айда толық аяқтауға уәде берді. Бұл екі үйде 90 пәтер болса, 135-140 көлікке шақталған автотұрақ та болады. Сонымен қатар балалар ойнайтын алаңды сапалы етіп салуымыз керек, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.

Ауданда құрылыс жұмыстары жақын арада біте қоймайтындықтан кей инфрақұрылым нысандарын салу кейінге шегерілген.

– Осы 4 тұрғын үйге дейін ғана жол түседі. Қалған жұмыстарды келесі жылға қалдырдық. Себебі әлі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл үйді азаматтар «Бақытта отбасы» бағдарламасы бойынша алады. Бұл үйлерге жақын жерге аллея саламыз. Ол жұмыстар 2024-2025 жылдары істеледі, – деп мәлімдеді Өскемен қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Танекенов.

Өзге екі үйдің құрылысы биыл желтоқсан айының соңына қарай аяқталады деп жоспарланған.

 

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив