KZ
Өскемен
-9°
пасмурно жел 1 м/с, СШ
523.86 544.34 5.11

Шахмат керуені: ШҚО оқушысы финалға өтті

28.09.2023, 17:04 297

«Шахмат керуені» бүгін Өскемен қаласына келіп тоқтады. Керуеннің келу құрметіне орай Республика алаңында мерекелік шара өтті.

Бұл республикалық жоба Қазақстанның барлық өңірінде шахмат спортын дамыту мақсатында іске қосылған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Ол Freedom Broker бас серіктесінің қолдауымен жүзеге асырып отыр. «Шахмат керуені» идеясы саудамен қатар, халықтардың мәдени және спорттық мұрасын тасымалдаған Ұлы Жібек жолына негізделген.

Шығыс Қазақстан облысы – Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Семей қалаларын аралап шыққан керуен жолындағы жетінші өңір. Ол 10 қарашаға дейін еліміздің түкпір-түкпіріне сапар шегеді.

- Алғашқы үш мың шақырымды жүріп өтіп, Өскеменге келдік. Бұл – «Шахмат керуенінің» ең шығыс нүктесі. Шахмат турнирі тек әуесқой ойыншылардың сайысы емес. Оған қарапайым халықтан бөлек, кәсіпкерлер мен жергілікті билік өкілдері де назар аударып, ұлттың зияткерлік әлеуетін дамытуға көмектесуі керек. Сол үшін де алда тағы 14 мың шақырым жол жүреміз. Біз қазірдің өзінде аймақтардағы шахматшылардың қалай тырысып жатқанын көріп отырмыз. Турнирге қызығушылық танытып отырған олар алға қарай ұмтылып, дамығысы келеді. Сондықтан бұл қозғалысты барлығымыз қолдасақ, бірге үлкен нәтижелерге қол жеткіземіз, – деді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко.

Керуеннің келуі аясында ШҚО Қазақстан шахмат федерациясының филиалы ашылды. Оның төрағасы болып кәсіпкер Анвар Рахимов сайланды.

Республика алаңында орнатылған мобильді киіз үйде гроссмейстермен бір реттік ойын мен шахмат турнирі болды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ШҚО-дағы шахматтың бас тренері Алмагүл Манапқызының айтуынша, 19 қыркүйек күні Өскемендегі кітапханада іріктеу турнирі өткен. Оған қатысқан 85 адамның 20-сы бүгінгі жартылай финалда бақ сынасты.

Сағат 15.00-де болған марапаттау рәсімінде Айза Тулекенова турнирдің жеңімпазы атанды. Сегізінші сыныпта оқитын Айзаның шахматпен айналысқанына үш жыл болған.

Екінші орын мәртебесі Әділжан Сәдібековке бұйырса, үшінші орынға Владимир Иконин жайғасты. Үшеуі де қараша айында Түркістанда өтетін бас финалға барады. Бұл жеңімпаздардан бөлек, турнирдің үш қатысушы «50 жасқа дейінгі шахматшы», «Ең жас шахматшы» және «Әйелдер арасындағы үздік нәтиже» аталымдары бойынша марапатталды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу