Есту қабілетінде кемістігі бар өскемендік ару Татьяна Мороз мемлекеттен қайтарымсыз қаражат алып, өз кәсібін бастады. Мүмкіндігі шектеулі жанның өмірге деген құштарлығы шексіз.
Бүгін облыс орталығындағы Қабанбай батыр көшесінде орналасқан «Саңыраулардың қазақ қоғамы» ҚБ ШҚ облыстық филиалының ғимаратында маникюр жасайтын кабинет ашылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Еңбекқор жан ағымдағы жылы «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен. Сертификатын ала салысымен бірден қайтарымсыз грант алуға өтініш беріпті. Осылайша үшінші топтағы мүгедек жанның бизнес жобасы мақұлданып, 400 АЕК (1 380 000 теңге) мөлшерінде грант алды.
- Татьянаға өз ғимаратымыздан арнайы бөлме бердік. Бұл аудан келушілер үшін ыңғайлы болады деп ойлаймын және осылайша жас кәсіпкерге қолдау көрсетпекпіз. Қазір ол грант ұтып, қажетті құрал-жабдықтарын толықтай сатып алды, ал кабениеті үшін ешқандай ақы төлемейді. Біз әлі де Татьянаға көмек береміз. Бүгінде маникюрге жазылу басталып кетті. Жас кәсіпкеріміздің өз ісін бастауы біздің қоғамда баршамыздың тең дәрежеде екенімізге тағы бір дәлел деп білемін, - деді «Саңыраулардың қазақ қоғамы» ҚБ ШҚ облыстық филиалының басшысы Елена Баус.
Татьяна өзіне берілген кабинетке жөндеу жұмыстарын өз еңбегімен, өз қолымен жүргізген. Сондай-ақ келесі жылы грантқа тапсырып, өз кәсібін кеңейту де жоспарында бар көрінеді.
- Өз ісімді бастағаныма әлі де сене алар емеспін. Бұл жолда маған қол ұшын беріп, көмектескен жандарға шексіз алғысымды білдіремін. Үміттеріңізді ақтаймын, менің қолымнан келеді. Сіздердің қолдауларыңызбен алдағы уақытта кәсібімді одан әрі дамытқым келеді, - деді жас кәсіпкер.
Айта кету керек, бұл аталған ғимаратта ашылып отырған жалғыз кәсіп емес. Алдағы уақытта тағы бір мүмкіндігі шектеулі жан құжаттарын тапсырып, депиляция кабинетін ашпақ.
- Мүмкіндігі шектеулі жандардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, өз кәсібін бастағанына қуаныштымыз. Шын туайтына келгенде қорықпай өз армандарына ұмтылу, өз мақсатын жүзеге асыру кез келген адамның қолынан келмейді. Осы орайда Татьяна Морозға батыл қадам жасап, көпшілікке үлгі бола білгені үшін алғысымды білдіремін, - дейді ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова.
Фото: Аяужан Утеулинова