KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
441.66 475.14 4.86

Өскеменде жаңа фильм жарыққа шықты

2.02.2024, 20:36 351 Мадина Амангелдіқызы

Өскеменнің жастары түсірген «Көбелек» фильмі көрерменге жол тартты. Бұл фильмді 20 жастағы Әділ Есмұхамбет түсірген екен.

Киноға түсу де, кино түсіру де оңай шаруа емес екені белгілі. Ал Әділ болса, бұл идеяның бастамашысы ғана емес, алғашқы туындысына өзі продюсер, өзі сценарист, өзі режиссер, өзі актер бола білді, деп хабарлайды  Altaynews.kz тілшісі.

Әділ кино түсіру өмірдегі басты армандарының бірі екенін айтады. 70 жасқа келіп, арманын сол беті орындай алмай кететіндер қаншама. Әділ Есмұхамбет не бары 20 жасында бар ынтасын салып, қолынан келгенше сол арманын орындап отыр.

Осылайша, Өскемен қаласында алғаш рет «Көбелек» атты толықметражды фильм жарыққа шықты. Рөлді сомадағандар да, түсірілім процессіндегі жұмыстарды атқарып жүргендер де – осы өзіміздің қаламыздың жас дарындары.

Бұл олардың кино саласындағы алғашқы тәжірибелері болғанымен, фильм өз көрермендерін тауып, адамдардың көңілінен шығып жатыр. Фильмнің тұсаукесеріне 200-ден астам жиналыпты. Олардың ішінде Әділге өнерде де, өмірде де қолдау көрсетіп жүрген аға-бауырларымен қатар Өскеменде түсірілген алғашқы фильмді қызықтап келгендердің де қарасы көп болды.

Фильмнің атауы «көбелектің әсері» деген терминмен байланысты. Мұндай әсер қытай мақалы арқылы пайда болған: «көбелектің қанат қағуы әлемнің екінші жағында сезіледі».  Бұл дегеніміз, ұсақ нәрсенің өзі әр түрлі салдарға әкелуі мүмкін. Яғни, бір адамның кез-келген жеңіл шешімі не әрекеті басқа адам үшін ауыр зардаптарға әкеп соғады. Көбелектің әсері «Хаос теориясы» деп аталады. Сондықтан бір шешім қабылдамас бұрын әрқашан ойлану керек. Ойланбаған шешімдер жасамаңыз, сонда ғана әлемді үйлесімділік пен тыныштық басқарады. Әйгілі терминнің мағынасы осындай. Фильмнің атауы да осы философиялық ойдан туындап отыр. Ал тақырыбы – өмірдің сан қилы сынақтары. «Көбелек»  - мелодрама жанрындағы қыз бен жігіттің махаббаты туралы санаға ой салатын кино. Айтпақшы, фильмнің толық нұсқасын қазір YouTube арнасынан көруге болады.

Фильмнің тұсаукесерінен кейін Әділ Есмұхамбетпен алғашқы туындысы жайлы біраз әңгіме өрбіткен едік. Талантты жігіт жайлы қысқаша айта кетсек, Әділ - Күршім ауданының тумасы, әнші, музыкант, асаба, шоумен. Өнер саласында жүргеніне  алты жыл болған екен.

- Фильм түсіру туралы идея қалай келді?

- Киноға түсу – жалпы бала күнгі арманым. Сол арманымды орындағым келді. Бірақ ешкім мені киноға түсірмейтін болған соң, өз фильмімді түсіруге бел будым.

- Естуімше, бұл тұңғыш туындыңыз. Сценарий, режиссура, түсірілім алаңдарын ұйымдастыру жағында қиындықтар болды ма?

- Біраз қиындықтар туындады. Кино түсіру оңай дүние емес екен. Фильмдегі адамдардың еңбегін, маңдай терін енді түсініп, бағалап жатырмыз. Бұл кинода режиссер, продюсер, актер, сценарий авторы да өзім болдым. Көмек қолын созған достарым да көп. Солардың көмегімен қиындықтарды еңсердік. Алда бұдан да жақсы жетістіктерге жетеміз деген үміттемін.

- Фильмді түсіріп жатқанда қандай да бір жағдайларға байланысты сценарийге өзгерістер енгізілді ме?

- Ондай өзгерістер болмады. Сол өзіміз басында жазған сценариймен түсірілді.

- Актерлер құрамы қалай таңдалды?

- Рөлдерге актерларды таңдауда еш қиындық туындаған жоқ. Өзімнің өнерде жүрген достарымның, таныстарымның қатарынан таңдалды. Жастар театрының балалары шақырылды. Кастинг те өткізбедік. Қаламыздың өнерлі ұл-қыздарының арасынан іріктеп алдық.

- Фильм өзіңіздің көңілізден шықты ма? Әлде «әттеген-ай» деген тұстары бар ма?

- Фильм өзімнің көңілімнен шықты деп айта аламын. Неге десеңіз, алғашқы бастамам ғой. Шамамыз келгенше бар күш-жігерімізді жұмсадық. Әрине, «әттеген-ай»-сыз дүние болмайды ғой...

- Тағы фильм түсіремін деген ниет-жоспарыңыз бар ма?

- Алда әлі талай жоспарлар тұр. Бұйырса, келесі жобада жаңағы «әттеген-ай»  болмайды деп ниет етіп отырмыз. Қазақстанға таралып, белгілі болатын фильм түсірсек деген ойымыз бар. 

Фильмде басты рөлді сомдаған Айдана Алтайбекқызы үшін де бұл кинодағы алғашқы тәжірибесі екен. Ол өміріндегі осы жаңа бағытты аса үлкен қуанышпен қабылдағанын айтады.

- Жалпы проект өзім үшін өмірімдегі бір жаңа бағыт болды. Бұрын соңды басып көрмеген баспалдаққа басып, бөлек әлемді ашқандай болдым десем қателеспеспін. Қуанғаным, біздің қалада да инициатива көрсетіп, бір қызықты проект жасауға құлшынысы бар жастардың пайда болғаны, ал ол дегеніміз қаланың креативті индустриясының дамуына айтарлықтай бір қадам, үлес, - дейді Айдана.

Айтуынша, кейіпкерінің мінезі өзіне мүлде ұқсамайды. Ондай рөлді сомдау да қиындау болған екен.

- Фильмдегі тәжірибемді айтсам, мінезі, өмірлік ұстанымының күрт өзгерісі мүлде менікіне ұқсамайтын кейіпкердің рөлін ойнаған соң сәл қиынырақ болды, әрине. Кейіпкердің тағдыры ауырлау келсе де, қазіргі көптеген жастардың өзекті мәселесіне айналып отыр. Сондықтан да фильмнің басты мақсаттарының бірі - аудиторияны ондай тағдырды қайталамауға үгіттеу, - дейді жас актриса.

Сондай-ақ Айдана осы фильмді түсіруге қатысқан барлық жандарға деген сыйластығының артқанын айтады. Себебі, ешкімге гонорар төленбесе де, өз уақыттарын бөліп, бұл жүкті жұмыла көтерді.

- Түсірілім барысында уақыттарын бөліп, идея үшін бар күштерін салып, тырысқан актерлер мен актрисаларға сыйластығым артты, себебі бұл фильм түсірілімінде ешкімге гонорар төленбеді, тіпті барлық жұмсалған қаражаттың барлығын фильмнің продюссері және басты рөл сомдаған актер Әділ Есмұхамбет еш демеушісіз өзі көтерді, команда жинады. Сол бірлесіп жасалған еңбектің арқасында шедевр болмаса да, "өзіміздің" бір дүниені жарыққа шығардық. Қазіргі таңда фильм YouTube желісіне шыққан. Қала тұрғындарының қолдауына алғыс білдіреміз! – дейді Айдана Алтайбекқызы.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив