Өскеменде ерекше шара өтті
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Дәл осы күні еліміздің түкпір-түкіпірінде бүлдіршіндерге арналған көңілді іс-шаралар ұйымдастырылады. Шуақты мереке қарсаңында облыс орталығындағы бірнеше мекемеде «таңғажайып» шара өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Әр бала – бақытты болуға лайық. Бұл сөзімізге «Страна чудес» сауықтыру-дамыту орталығында өткен ерекше шара дәлел. «Таңғажайып мереке» атты ертеңгілікке орталықтың 100-ден аса тәрбиеленушісі қатысты.
«Страна Чудес» сауықтыру-дамыту орталығы базасында арнайы тузету мектебі мен балабақшасы бар. Мұнда аутистік спектрінде кінәрат бар және дамуы кешеуілдеген балаларға көмек көрсетіледі. Орталықта психолог, логопед-дефектолог сынды мамандар жұмыс істейді. Балабақшада 72 бала оқиды. Ал арнайы бастауыш мектебінде 4 сынып бар. Орталық директоры тәрбиеленушілердің 1 маусым күні этнопаркте өнер көрсететінін қуана-қуана жеткізді.
Дәл осындай ерекше балаларға арналған шара «Үлбі» әлеуметтік орталығында да өтті. Мерекелік бағдарламаны орталық мамандары ұйымдастырған. Апта басынан бері жауған жаңбыр шара басталғанда толастап, күн ашылды. Жиылған балалар мен ата-аналар үшін орталық аумағында аква-грим, спорттық ойындар, караоке, құм терапиясы, ART-терапия, тасжолға сурет салу және арнайы концерттік нөмірлер әзірлернген екен.
Мерекелік шара соңында орталық тәрбиеленушілеріне сыйлықтар үлестірілді.
Балауса Мэлсқызы