Бизнесті мемлекеттік бақылаудың автоматтандырылған жүйесі қашан қосылады
Фото: egemen.kz
Елде 2024 жылдан бастап бизнесті мемлекеттік бақылаудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылмақ.
Бұл туралы 17 маусымда кәсіпкерлік саласын реттеу тақырыбы бойынша Үкіметте өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Altaynews primeminister.kz ресурсына сілтеме жасап.
Кеңесте Премьер-Министр Әлихан Смайылов жауапты мемлекеттік органдарға «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп кәсіпкерлерге түсетін жүктемені айтарлықтай жеңілдететін бизнес үшін есеп беруді қысқарту мәселесін одан әрі пысықтауды тапсырды.
Сонымен қатар былтыр бизнесті мемлекеттік бақылаудың 35 бағытын автоматтандыру ісі аяқталып, қазіргі таңда тағы 35 бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды.
ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров автоматты функционалдығы бар Smart Data Ukimet платформасы пайдалануға дайын екенін айтты. Платформаны қазіргі таңда апробациядан өткізіп жатқан көрінеді. Осылайша, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың автоматтандырылған жүйесі 2024 жылдан бастап іске қосылады.
Премьер-Министр осы жылдың 30 маусымына дейін Ауыл шаруашылығы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері салалық тәуекелдерді басқару жүйесінің қабылдануын қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті.