ҚАЖ мекемесінде домбыра үйірмесі ашылды – Абай

Фото: polisia.kz сайтынан алынды
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №20 мекемесінде жазасын өтеп жатқан 18 жастағы үш азамат домбыра үйірмесін ашты.
Олар бос уақытты тиімді өткізу үшін ниет білдіргендерге сабақ өткізеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Сотталған Айбар, Нұрбек, Айдар (есімдері өзгертілген) есірткі және психотроптық заттарды тұтынушыларға жеткізу мақсатында әр жерге қойып кетумен айналысқан.
– Ақшаны жеңіл жолмен табамыз деген оймен, жастықпен, білместікпен мардымсыз ақша үшін қылмыс жасап, міне, темір тордың ар жағында отырмыз. Әрине, өкінішті. Өткенге қайтып оралуға мүмкіндік болса, бұл қылмысқа жоламасым анық. Үйдегі анамды ойлаймын. Есірткі және психотроптық заттарды тұтынушыларға жеткізу мақсатында әр жерге қойып кету бүгінгі таңда жастар арасында белең алып тұр. Замандастарыма жеңіл ақша табу үшін қылмысқа барудың арты түрмемен аяқталатынын айтқым келеді. Үшеуіміз де бала кезімізде домбыра үйірмесіне барғанбыз. Қазағымыздың қара домбырасын бір адамдай меңгергенбіз. Бос уақытты тиімді пайдалану мақсатында домбыра үйренгісі келетін сотталғандарға арнап үйірме аштық. Бұл біздің қоғамға қосқан бір үлесіміз деп білемін, – деді Айбар.
Оқи отырыңыз