Түркістан мемлекеттің рухани және тарихи астанасы ретінде дамиды

Фото: egemen.kz
Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының жобасы жарияланды.
Жобаның бір мақсаты – Түркістан қаласының елдің рухани және тарихи астанасы ретінде жұмыс істеуі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу, деп хабарлайды Аltaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Құжатта бұл орталық және жергілікті өкілді және атқарушы органдар арасындағы функцияларды нақты бөлу, сәулет, қала құрылысы және құрылыс жоспарлауды ретке келтіру, қаланы дамыту үшін мемлекеттік қолдау көрсетудің заңнамалық базасын нығайту есебінен Түркістан қаласын дамытудың бірыңғай саясатын әзірлеуге және жүргізуге мүмкіндік беретіндігі айтылған.
Заң жобасының мақсаттары мыналар:
Түркістан қаласының Қазақстан Республикасының рухани және тарихи астанасы ретінде жұмыс істеуі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу;
Түркістан қаласының қалыптасуы мен жұмыс істеуі үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар мен тетіктер жасау;
мәдени және діни мұраны қолдау, қасиетті орындар мен көрікті жерлерді сақтау және қорғау;
Түркістан қаласын дамыту бөлігінде орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы үйлестіру мен өзара іс-қимылды жақсарту.
Заң шеңберінде мемлекеттік билік органдарының өкілеттіктері регламенттелетін болады:
Түркістан қаласын мемлекеттің рухани және тарихи астанасы ретінде дамыту жөніндегі саясаттың негізгі бағыттарын айқындау;
қаланың тарихи келбетін және тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау;
Түркістан қаласын және бүкіл мемлекет немесе жекелеген әкімшілік-аумақтық бірліктер ауқымында іске асырылатын жобаларды дамыту үшін мемлекеттік қолдау көрсету.
Заң жобасы 23 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.