KZ
Өскемен
+5°
переменная облачность жел 2 м/с, В
479.05 534.57 5.17

KazSat-2 жер серігін пайдалану мерзімі аяқталуға жақын

Фото: Сергей Казак/sputnik.kz

26.02.2024, 23:31 136

Биыл 26 ақпанда KazSat-2 жер серігін белсенді пайдалану мерзімі аяқталады. Бұл туралы Ресейдегі Хруничев атындағы ғарыш орталығының бас директоры Алексей Варочко мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

KazSat-2 жер серігі 2011 жылы 16 шілдеде орбитаға шығарылған болатын. Ал Қазақстаннның республикалық ғарыш байланысы орталығымен арадағы табыстау актісі 26 қарашада рәсімделді.
Осы аппаратты белсенді пайдалану мерзімі 12 жыл 3 айды құрайды және 2024 жылы 26 ақпанда аяқталады.

«Негізі, жөнделмейтін ақаулықтар болмаса, KazSat-2 жер серігін 2027 жылдың аяғына дейін пайдалануға болады. Аппаратты орбитада ұстау үшін қозғалтқышқа қажетті отын қоры сол уақытқа жетеді», - дейді Алексей Варочко.

Оның айтуынша, қазақстандық тарап жер серігін пайдалануды барынша жалғастыруға мүдделі. Ал жаңа ғарыш аппаратын жасау мәселесі әзірше талқылауға шығарылған жоқ. Осы орайда Варочко орталықтың қазіргі стратегиясын да еске салды. Бүгінде жер серіктерін емес, сан алуан санаттағы зымырандарды жасауға басымдық беріледі.

Қазіргі кезде Хруничев атындағы ғарыш орталығының мамандары «KazSat-2»-ге инженерлік тұрғыда қолдау жасап келеді. 

Варочконың айтуынша, KazSat-2 жер серігін жасау кезінде озық технологиялар қолданылған. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, бүгінде «Kazsat» жүйесі республиканы байланыс пен тарату қызметтерімен толығымен қамтамасыз етіп отыр. Осылайша, елдің стратегиялық және ақпараттық қауіпсіздігіне де кепілдік бар.

KazSat жер серіктерінің қызметін Қазақстандағы байланыс және тарату операторлары пайдаланады. Ал KazSat-2 Қазақстанға ғана емес, Орталық Азия елдеріне де қызмет көрсете алады.


                                                                      Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив