Tech Orda 2024: тегін IT-білім алуға өтінім қабылданып жатыр
Фото: gov.kz
Цифрлық даму министрлігі Tech Orda бағдарламасының жаңа легіне қатысу үшін жеке тұлғалардан өтінім қабылданып жатқанын хабарлайды. Бағдарлама Қазақстанның 18 бен 45 жас аралығындағы барлық азаматына ІТ-мамандықтарды тегін игеру мүмкіндігін ұсынады.
Әлеуетті студенттердің өтінімдерін қабылдау 31 шілдеге дейін astanahub.com платформасында жүргізіледі, деп хабарлайды Altainews.kzтілшісі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап.
Astana Hub базасында ҚР ЦДИАӨМ бастамасы аясында іске асырылып жатқан Tech Orda бағдарламасы ақпараттық технологиялар саласындағы адами капиталдың дамуына бағытталған. Ол веб-бағдарлама әзірлеу, 3D-дизайн мен 3D AR/VR қосымшалар, бағдарламалық қамтамасыз ету, киберқауіпсіздік пен IoT, жасанды интеллект пен алгоритмдері, мобильді қосымшалар жасауды қоса алғанда, Big Data және GameDev салалары секілді басым секторлардың барлық спектрін қамтиды.
Түлектер Kaspi.kz, Halyk Bank, KPMG, Ernst&Young, Теңізшевройл, ҚазМұнайГаз, Freedom Finance, Kcell, Air Astana, Kolesa Group сияқты ірі компанияларды қоса алғанда, 1079 ұйымнан жұмыс тапты.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында кемінде 100 мың IT-маман даярлауды тапсыра отырып, жас, білімді әрі ынталы кадрларды қалыптастыру қажетін атап өтті. Тапсырмаға сәйкес ЦДИАӨМ Astana Hub халықаралық технопаркімен бірлесіп, 2021 жылы 20 мың IT-кадр даярлауды көздейтін Tech Orda бағдарламасын іске қосты. Айшықты бастама шеңберінде мемлекет қолдауымен әр студентке 600 мың теңге бөле отырып, жыл сайын 3 мыңнан астам IT-маман оқыту жоспарланды.
Tech Orda бағдарламасына қосылуды ниет еткендер үшін astanahub.com порталында мектептер мен курстардың толық тізімі жазылған ІТ-мектептер көрмесі бар. Қосымша ақпаратты таңдалған ІТ-мектепке немесе 1818 телефон нөміріне хабарласып білуге болады.