KZ
Өскемен
-13°
пасмурно Штиль
498.34 519.72 4.85

Отандық ғалымдар тазының генетикасын зерттеуді аяқтады

Фото: depositphotos.com

24.07.2024, 14:57 154 Ержан Әбіш

Қазақы тазы ит тұқымының генетикалық құрылымы осы уақытқа дейін жұмбақ күйінде қалып келген болса, енді ҚР Генетика және физиология институтының ғалымдары ең заманауи молекулалық-генетикалық әдістерді қолданып, бұл жұмбақтың жауабын шешіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

2021 жылы институттың ғалымдары қазақы тазы тұқымын генетикалық тұрғыдан зерттеуге грант ұтып алған, оларға биология ғылымдарының кандидаты Анастасия Перфильева жетекшілік етті.

Тазы тұқымының генетикалық әртүрлілігі мен популяциялық құрылымын анықтау үшін институт ғалымдары зерттеу барысында генетикалық маркерлердің екі түрін, микросателлиттер мен бір нуклеотидті нұсқаларды алғаш рет қолданды.

­– Талдау нәтижесі тазы тұқымының генетикалық әртүрлілігі жоғары, ал инбридинг деңгейі төмен, бірегей ерекше тұқым екенін көрсетті. Бұл тұқымның генетикалық әлеуеті, әсіресе, Оңтүстік және Шығыс Қазақстанда көбірек байқалады, ал Солтүстік өңірде сәйкесінше аз екені анық. Зерттеу нәтижесінің ең қызықты жаңалықтарының бірі – тазының ежелден келе жатқан, әрі филогенетикалық тарихта берік орын алған тұқым екені расталды. Сондай-ақ тазы тұқымының популяциясы 50 шақты ұрпақ бұрын генетикалық тұрғыдан тығырыққа тіреліп, жойылып кету қаупі төнгені анықталды, – деді биология ғылымдарының кандидаты, профессор Бақытжан Бекманов.

Институт қызметкерлерінің айтуынша, қазір тазы тұқымының аңшылық және жұмыс істеу қабілетіне жауап беретін 18, 22 және 25 хромосомалардағы бес бағыт ерекше қызығушылық тудырып отыр.

Ал осы аймақтарда орналасқан 12 геннің ішіндегі CAB39L гені тазы итінің жүгіру жылдамдығы мен төзімділігіне әсер ететін үміткер-ген бола алады.

Бұл нәтижелер болашақта тазы тұқымын одан әрі жақсарту мен оларды сақтап қалу үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, тазы тұқымын тәуелсіз жеке тұқым ретінде халықаралық деңгейде мойындау туралы ұсынысқа қолдау бола алады.

Сонымен қатар бұл зерттеулер тазы тұқымының генетикалық құпиясын ашып қана қоймай, олардың тарихы мен селекциясы туралы түсінігімізді тереңдете түсті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу