Кәсіпкерлерге тексеру жүргізу тәртібі түсіндірілді
Фото: gov.kz
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама шеңберінде ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау және азаматтық қорғаныс басқармалары мен ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің мамандары ШҚО "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының онлайн-алаңында кеңес ұйымдастырды.
Кәсіпкерлерге тексеру жүргізу және өрт қауіпсіздігін сақтау саласында түсініктеме берілді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин атап өткендей, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік өрт бақылауы ҚР Кәсіпкерлік кодексінде көзделген негіздер бойынша бақылау және қадағалау субъектісінде (объектісінде) профилактикалық бақылау түрінде және негіз болған жағдайда жоспардан тыс жүргізіледі. Алайда әкімшілік іс жүргізу қаралмайды.
Профилактикалық бақылаудың аралығы және жүргізу уақыты тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері бойынша анықталады. Бірақ тексеру жүргізу жиілігі жылына бір реттен артық емес, орташа тәуекел дәрежесі жағдайында екі жылда бір реттен артық емес.
Жиын барысында кәсіпкерлер өздерін алаңдатқан сұрақтарды қойып, толық жауап алды.
ШҚО ТЖД дерегінше, осындай іс-шаралар тұрақты негізде өткізіледі және олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастықты дамытуға, кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.