Республика күнінде бірқатар әлеуметтік нысандар ашылады — ШҚО
ШҚО Қоғамдық даму басқармасының басшысы Серік Жеңісов Аймақтық коммуникациялар қызметінде Республика күніне орай облыста ұйымдастырылатын іс-шаралар туралы айтты.
25 қазан күні облыста бірнеше әдеуметтік нысан ашылады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Биыл облыста мәдени, спорттық, әлеуметтік және өзге де бұқаралық іс-шаралар, мереке, жәрмеңке өткізу жоспарланып отыр. Аймақтағы қалалар мен аудандарда 300-ден астам түрлі форматтағы іс-шаралар, марапаттау салтанаты өтеді.
Сонымен қатар, «Қыран елім — Қазақстан» жалпыұлттық патриоттық акциясы ұйымдастырылып, онда гимн орындалып, Туды салтанатты түрде көтеру рәсімі өтеді. Ал білім және мәдениет ұйымдарында көрме, дәрістер, сынып сағаттары өтеді.
28 қазанға дейін «Ертіс Концертте» «Ұлы дала алтыны» көрмесі, кілем көрмесі және «Абай әлемі» кітап көрмесі жұмыс істейді.
Ал Өскемендегі Мемлекеттік рәміздер тауына шығу акциясына кез келген жан қатыса алады.
25 қазан күні бірқатар әлеуметтік нысандарды ашу жоспарланған. Дәлірек айтсақ, Өскеменде Есенберлин даңғылында орналасқан «Новая» станциясы және 150 балаға шақталған «Family Island-2» балабақшасы, Зайсан ауданының Шілікті, Кеңсай, Дайыр ауылдарында күрделі жөндеуден кейін 3 дәрігерлік амбулатория, Дайыр ауылында «Шығыс Мейірімі» оңалту орталығы, Жамбыл, Қайнар, Қуаныш ауылдарында күрделі жөндеуден кейін медициналық пункт, Қайнар ауылында су құбыры, Көгедай ауылында шағын футбол алаңы ашылады. Сонымен қатар, Тарбағатай ауданында субұрқақ, балалар ойын алаңы, Тұғыл ауылында Мәдениет үйінің аумағында аллея, Ақмектеп ауылында медициналық пункт ашылады.
Ал Ұлан ауданына қарасты Каменка, Алмасай, Казачье ауылдарында бірнеше спорт алаңы ашылады. Шемонаиха ауданында «ЛЕСЕНКА» балаларды дамыту орталығы қызметін бастайды.
Бұл күні елді мекендерде танымал композиторлардың Отан туралы әні шырқалады.