KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 6 м/с, ОШ
488.11 530.09 5.01

Муковисцидоз дертіне шалдыққан балалардың еміне көмек көрсетіледі - ШҚО

12.02.2024, 15:26 174

ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шығыс Қазақстан облысындағы өкілі Серік Мизанбековпен кездесті.

Кездесуде Серік Маратұлы 2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы айта келе жергілікті атқарушы биліктің тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Адам құқықтары жөніндегі өкіл сирек кездесетін муковисцидоз дертіне шалдыққан өңірдегі жеті баланың ем-домына ата-аналары қаражат сұрап отырғанын жеткізді. Аймақ басшысы барлық сәбиге толық көмек көрсетілетінін атап өтті.

– Науқас нәрестелердің ата-аналарымен кездестім. Муковисцидоз дертіне шалдыққан балаларға толық көмек көрсетілітенін айттым. Алдағы уақытта ем-домға қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді де жоспарлап отырмыз. Алаңдауға негіз жоқ, – деді өңір басшысы Ермек Көшербаев.

Ұлан ауданының Жаңа Қанай ауылындағы Шығыс Қазақстан психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері мен емделушілері көп жылдан бері ескі, жабдықталмаған ғимаратты пайдаланып келеді. Алдағы уақытта бұл мәселенің де түйіні шешіліп, медициналық орталық жаңа ғимаратқа көшірілмек.

– Жақында тағы бір игілікті істің куәсі боламыз. Ұлан ауданында облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы ашылмақ. Бұл қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерге қолдау көрсететін орталық ретінде болады деген үміттемін, – деді Серік Мизанбеков.

Сонымен қатар ол Президенттің гендерлік теңдік және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресті күшейтуге бағытталған «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлығына сәйкес облыс әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі лауызымына үміткерлер қаралып жатқанын тілге тиек етті.

Айта кетейік, муковисцидоз ол – тыныс алу және ас қорыту жүйесін зақымдайтын, ішекке, ұйқы безіне, бауыр мен бүйрекке кері әсер ететін созылмалы тұқым қуалайтын ауру. Аурудың салдарынан шырыш, тер және ас қорыту сөлін шығаратын жасушалар дұрыс жұмыс істемейді. Оның нақты емі жоқ. Дегенмен дұрыс тамақтану, шырышты жұқарту және қақырықты шығаруды арттыру үшін шаралар қабылдау өмір сапасын жақсартуға көмектеседі. Емдеу симптомдарды жеңілдету және өмір сапасын жақсарту үшін жасалады. Бұл кесел адамның бүкіл ағзасын зақымдайтындықтан оны тұрақты түрде белсенді емдеп отыру керек.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Фото: Аяужан Утеулинова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив