ШҚО геопорталынан бүкіл ақпаратты табуға болады
2018 жылы облыстық жер қатынастары басқармасы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде өңірлік геоақпараттық жүйе – Шығыс Қазақстан облысының геопорталын құру бойынша жұмысты бастаған болатын.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлистің айтуынша, 2021 жылы геопортал тәжірибелік пайдалануға берілген. Ал былтырғы наурыз айынан бастап ол жалпыға қолжетімді болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тағы бір айта кетер жайт, Шығыс Қазақстан облысының геопорталы 2020 жылдың қараша айында ТМД елдері арасында өткен ArcGIS веб-қосымшалар байқауында бірінші орынға лайық деп танылған.
Бүгін аталмыш геопорталдың мүмкіндіктерімен облыс әкімі Ермек Көшербаев танысып, жобаны әзірлеген авторлармен кездесті.
Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Д.Сармановтың айтуынша, геопорталдағы елді мекендер картасында су қорғау аймақтары мен гидрографиялық нысандардың белдеулері, мал қорымдарының санитарлық-қорғау аймақтары сияқты ақпаратты табуға болады. Сондай-ақ картографиялық байланыстырумен карталарда білім беру және денсаулық сақтау нысандарының орналасқан жері де көрсетілген. «Өскемен жылу желілері» АҚ-мен бірлесіп инженерлік желілерге электронды түрде қосылуға техникалық шарттар беру жөніндегі жоба іске асырылған.
Геопорталдың жұмысымен жіті танысқан аймақ басшысы жобаны дамытудың перспективалық бағыттары туралы сөз қозғап, бұл жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.
Фото: Аяужан Утеулинова