«Жұмысшы мамандықтар қаласы»: Фестиваль несімен есте қалды?

ҚР Оқу-ағарту министрлігі
Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында 11-15 ақпан аралығында өткен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Бес күн ішінде фестивальға еліміздің барлық өңірінен 50 мыңнан астам адам келіп тамашалады. Қонақтар 200-ден астам жұмысшы мамандықтарымен танысып, 8 тақырыптық көше мен 40 интерактивті алаңды аралады.
Фестиваль аясында мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына ерекше көңіл бөлінді. 30 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикадан өтіп, өздерінің дағдылары, қызығушылықтары мен қабілеттерін анықтады. Бұл олардың болашақ мамандығын таңдауда аса маңызды.
Фестивальдің бес күнінде 30-дан астам кәсіптік бағдар беру шеберлік сыныптары, 70 викторина, 200-ге жуық ойындар мен квиздер ұйымдастырылып, 1000-нан астам жүлделер мен сыйлықтар ойнатылды. Арнайы дайындалған гидтер колледж студенттері мен мектеп оқушылары үшін 210-нан астам экскурсия өткізді.
«Бейбіт атом» шеберлік сабағы аясында балалар атом энергиясы қолданылатын салалар туралы білді, ал «Бортсерік мансабы» воркшопында «Air Astana» әуе компаниясының қызметкерлері мамандықтың артықшылықтарын, бортсеріктер мен ұшқыштарға қойылатын талаптар туралы айтып берді. Металлургтер көшесінде студенттер мен оқушылар геолог, геофизик, кенші, оператор рөлінде өзін сынап көрді. ERG, Kazakhmys, Qarmet сынды ірі жұмыс берушілер көрмелерін тренажер, макет, симулятор, VR-технологиялармен жабдықтап, қатысушыларға мамандықтардың қыр-сырына терең үңілуге мүмкіндік берді.
IT, автоматтандыру, ғарыш саласындағы болашақ мамандықтарға арналған кең ауқымды экспозиция ұйымдастырылды. Техно-аренада технологиялық колледждер, университеттер және республикалық ғарыштық байланыс орталығы шеберлік сыныптары мен перфоманс-шаралар өткізілді. Инноваторлар мен болашақ әзірлеушілер үшін Quattuor командасы ұйымдастырған роботтар шайқасы ерекше әсер қалдырды.
Айта кетсек, бүгінде Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 772 колледж 556 мың студентке білім беруде. Мемлекет басшысының қолдауымен 2023 жылдан бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы екі есе өсті. Биыл сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім алатын студенттер саны 153 мыңға жетеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да техникалық мамандықтарға бөлінетін болады.