Кәсіпкерлер салық реформасына қатысты ұсыныстарын ортаға салды

pexels.com
Салықтық-бюджеттік реформаларға дайындық өңір-өңірде қызу талқыланып жатыр. Үкімет өкілдері жергілікті кәсіпкерлердің ұсыныстары мен пікірлерін тыңдап, көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап беруде.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков пен Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев бастаған жұмыс тобы Жетісу облысында кәсіпкерлермен кездесу өткізді. "Бірге біз күшпіз" кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы Еділ Қазақбаев мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай байланыс елде қолайлы бизнес ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Тұтынушылардың құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Баниямин Файзуллин бюджеттік саясаттағы алдағы өзгерістерді шағын және орта бизнес өкілдерімен жан-жақты талқылау қажеттігін баса айтты.
Қарағанды облысында өткен кездесуде "Қазақстандағы жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу" қауымдастығының президенті Владимир Быков экономикалық тұрақтылықтың мемлекеттік ресурстарды тиімді басқаруға, ынталандыру жүйесін қайта қарауға және бюджеттік қаражатты ұтымды пайдалануға байланысты екенін айтты. Ол гранттарды пайызсыз несиелерге ауыстыру қажеттігін, осылайша қаражаттың экономикаға қайта оралуы маңызды екенін атап өтті. Өңірдің құрылыс саласы өкілдері атынан "Құрылысшылар қауымдастығы" ЖК және ЗТ президенті, "Аспап" ӨК директоры Төлеген Әшімов салық кодексінде кәсіпкер өз контрагенті мемлекеттік органдарда тиісті түрде тіркелген жағдайда, басқа тұлғалардың салықтық және өзге де міндеттемелері үшін жауапкершілікке тартылмауы тиіс деген ережені қарастыруды ұсынды.
Қостанай облысында өткен кездесуде қаржы вице-министрі Ержан Біржанов еліміздегі ҚҚС шегі әлемдегі ең төменгі деңгейде екенін атап өтіп, ҚҚС төлеушілер санын арттыру бизнес үшін тең бәсекелестік жағдайларды қалыптастыратынын айтты. Қостанайлық кәсіпкерлер салық реформасына ұтымды әрі теңгерімді көзқараспен қарау үшін жергілікті деңгейде сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтті. Облыстық Құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Ирина Викулова құрылыс саласында құрылыс компаниялары мен жобалаушыларға салықтың сараланған тәсілін қолдану қажеттігін айтты. Сонымен қатар, кәсіпкерлер құрылыс саласын қолдау шараларын, оның ішінде екінші деңгейлі банктерде несиелер бойынша жеңілдетілген мөлшерлемелерді қарастыру мүмкіндігін талқылауды ұсынды.
Алматы облысында өткен талқылауда Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов кеңеске қатысушыларды Үкіметтің ҚҚС мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеу, бірқатар басым салаға 10% төмендетілген мөлшерлемені енгізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтан босату жөніндегі ұсыныстарымен таныстырды. Алматы облысы бизнес-қоғамдастығының өкілдері алдағы салықтық өзгерістерге қатысты өз пікірлерін білдірді. Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Сауда және қызмет көрсетудің салалық кеңесі төрағасы Әсет Талғатбек арзан несиелер үшін базалық мөлшерлемелерді төмендетуді және салық төлеу жүйесін жеңілдетуді ұсынды.
"Bilim Invest" ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының вице-президенті Күләнда Батырбекова реформалар барысында білім беру саласына қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Ол өңірлердің білім беру саласын дамыту картасын әзірлеуді ұсынды.
Сондай-ақ, ол салықты көтерумен қатар, бюджет шығыстарының құрылымына сын көзбен қарау маңызды екенін атап өтті. Қатаң бюджеттік ережелердің сақталуын бақылауды күшейту қажеттігін айтты. Кеңеске қатысушылар салық саясатының оңтайлы шешімдерін табу үшін мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтті.
Тәуелсіз Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Қамбар Баекенов реформалардың ашықтығы мен кәсіпкерлердің пікірлерін ескеру шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді тетіктерін әзірлеуге мүмкіндік беретінін, бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық дамуына оң әсер ететінін айтты.
Қорытындылай келе, вице-министр Бауыржан Құдайбергенов барлық ұсыныстардың назарға алынатынын, жан-жақты талданып, жұмыс барысында ескерілетінін мәлімдеді.