Шемонаихаға автобус жүріп тұр, бірақ жолаушы бұрынғыдай көп емес
Пандемия уақытында облыстағы бірқатар бағыттар жабылған болатын.
Қазіргі таңда қалааралық жолаушылар тасымалы қайта жандана бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Пандемия жолаушылар тасымалын тұралатып тастады. Біраз бағыт жабылды. Жүздеген адам еңбек демалысына шығуға мәжбүр болды. Табыс азайған кәсіптен бас тартқандар да бар. Автобекеттегі тірлік енді ғана қалыпқа келе бастады. Қатынас жанданды. Мәселен, екі жыл бойы қалааралық автобус жүрмеген Шемонаиха ауданымен байланыс қайта орнады.
Бұл бағыттағы қатынасты қалыпқа келтіру оңай болмағанын айтады жауаптылар. Облыстық бюджеттен субсияда бөлуге тура келіпті.
Бір айда 100-ге жуық жолаушы автобуспен қатынаған. Тасымалдаушылар шығынға батса да, тырысып жүр. Өйткені Өскемен-Шемонаиха әлеуметтік маңызы жоғары бағыт. Ал билет бағасы 2 мың теңгеден аспайды. Кеткен шығынның бір бөлігі облыстық бюджеттен субсидияланады.
Сарапшылар субсидия-жүйені жаңғыртады деп сенеді. Қазір аудан ішіндегі қоғамдық көлік қатынасын дамыту үшін де осы әдіс таңдалды.
Демеу қаржы саладағы кадр тапшылығы мен жалақы мәселесін де шешеді. Биыл облыс ішіндегі қоғамдық көлік қатынасын қолдау үшін жалпы 350 миллион теңге жұмсалды. Енді тұрғындар туристік өңір Қатонқарағайға автобуспен бара алады. Зайсанға да рейс жиіледі.