Ауызбіршілігі берік шағын ауданда Наурызды ерекше атап өтті - Өскемен (видео)
Бүгін Өскемендегі 20 шағын ауданның халқы Наурызнаманың соңғы күні - Тазару күнін атап өтті.
Мерекені тойлауға жиылған қауым бұлақтың көзін ашып, спорттық ойындардан сайысқа түсті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамы аталған ауданда биыл екінші мәрте өтіп жатыр. Тұрғындар алдымен қар астында сылдырап аққан бастаудың көзін ашып, айналасын тазалады. Одан кейін асық ату, садақ тарту, арқан тартыс сынды спорттық сайыстарға белсене қатысты.
Мұнда ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға жастар жағы ерекше белсенділікпен қатысты. Топ-топқа бөлініп арқан тартып, гір көтерсе, енді бірі қол күрестен сынға түсіп, жүлделі орындарды сарапқа салды.
Әз Наурызға орай арнайы тігілген киіз үйде ақ дастархан жайылып, қонақтарға ыстық бауырсақ пен наурызкөже таратылды.