KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
480.55 533.75 5.36

Бас ортопед-травматолог жарақаттарды емдеудің жаңа мүмкіндіктері туралы айтып берді - ШҚО

Фото: Денсаулық сақтау басқармасы

27.03.2024, 23:06 92 Айжанат Бақытқызы

ШҚО денсаулық сақтау басқармасының бас ортопед-травматологы Сергей Карасев жарақаттарды емдеудің жаңа мүмкіндіктері мен ортопедиялық проблемалардың шешімдері, сондай-ақ оған қажетті медициналық құралдар мен конструкциялар туралы айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

- Заманауи ортопедияның негізгі бағыттары қандай?

- Аяқ-қолдың үлкен буындары эндопротездерінің жаңа буыны. Бірнеше жыл бұрын ешкім бұл туралы армандай да алмайтын, ал қазір бұл мүмкін, тіпті МӘМС есебінен тегін. Буын аурулары бар науқастар үшін эндопротездеу - толыққанды өмірге оралудың жалғыз мүмкіндігі. Буындардың заманауи эндопротездері сүйекке берік орнатылады және ұзақ уақыт бойы пайдалануға жарамды.

- Буындарды эндопротездеу дегеніміз не және ота алдында неге «оң» және «қарсы» жақтарын мұқият зерделеу керек?

- Эндопротездеу - тірек-қимыл аппараты ауруларын хирургиялық емдеудің ең заманауи әдістерінің бірі, онда буынды құрайтын патологиялық өзгерген құрылымдар сау буынның анатомиялық пішіні сияқты және барлық қозғалысты орындауға мүмкіндік беретін жасанды протездермен ауыстырылады. Облыста жыл сайын орта есеппен 800-ге жуық осындай операция жасалады. Облыста жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету шеңберінде эндопротездеуді №4 қалалық аурухананың ортопедия және травматология бөлімшесінде және ШҚ облыстық ауруханасында жасайды.

Өткен 2023 жылы Өскемен қаласы №4 ауруханасы бөлімшесінің базасында ғана біз 327 буын эндопротездеуді және 5 жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерін орындадық.

Протездеу - науқастың өмір сүру сапасын жақсартудың өте жақсы тәсілі, бірақ оны емдеу деп санауға болмайды, бұл зақымдалған органды ауыстыру. Протез ауруды емдемейді. Бұл ағзаның ішіне орналастырылған имплант. Сондықтан бұл бөтен дене екенін әрқашан есте ұстаған жөн. Ерте ме, кеш пе, ағза эндопротезді қабылдамауы мүмкін. Сондықтан протездеуге өте байыпты қарап, онсыз мүмкін болмаған кезде ғана жасалуы керек.

- Біздің аймақ үшін «жаңалық» болып саналатын операцияға тоқталып өтсеңіз?

- Жақында ғана бізде 72 жастағы науқас, Ұлан ауданы Айыртау ауылының тұрғыны Нина Попова болды. Мастер-класс аясында операция жасалған науқаста тізе буындарының ауыр вальгус деформациясы болған еді. Бұл кезде тізенің ішке қарай жылжуы салдарынан аяқтың пішіні қисайып, Х тәріздес көрініс береді.

Біз байланыстырылған эндопротезді орнатуды жоспарлап, тізе буынына қол жеткізуді пысықтадық. Бұл ота буындарды күрделі эндопротездеудің бірі болғандықтан, Мәскеу қаласынан келген РУДН Травматология және ортопедия кафедрасының доценті Денис Римашевскийдің қатысуымен жүргізілді. Бүгінде жағдайы жақсарып, емханадан шыққан науқас одан әрі оңалтудан өтуде.

- Буын ауруларының алдын алу жайлы қандай кеңес айтар едіңіз?

- Буындардың саулығын жас кезден сақтау қажет. Сапалы тамақтану, күнделікті гимнастика, жаман әдеттерден бас тарту және сүйектер мен буындарды сау ұстауға көмектесетін ережелерді сақтау. Сынық, буынның шығуы, созылуы сияқты травматикалық жағдайлардан, ауыр күш түсіруден аулақ болу керек және кез-келген күдікті ауырсыну кезінде дәрігерге қаралған жөн.

Анықтама үшін айта кетсек, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ШҚО филиалы 2023 жылы МӘМС шеңберінде эндопротездеу бейіні бойынша медициналық көмек алуға 1,1 млрд теңгеден астам қаражат бөлген.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив