ШҚО әкімі таулы аудандардағы жағдайды бақылады
Өңір басшысы Ермек Көшербаев су тасқыны қаупі бар екі таулы аудандағы жағдайды бақылауға алды. Жауын-шашын салдарынан Катонқарағай мен Алтайдағы шағын өзендер тасуы мүмкін. Қауіпті учаскелер анықталған, қазіргі уақытта тәулік бойы бақылау жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл жүйленіп, барлық күштер мен ресурстар үйлестірілді. Күн райы бұзылып, жағдай күрделенетін болса, төтенше жағдайлар департаменті, полиция, орман шаруашылықтары, жергілікті атқарушы орган өкілдері бірлесе жұмыс істейді. Әркім өз учаскесін анықтап, үнемі бақылауда ұстауға тиіс. Инертті материалдар қоры дайын, техника сақадай сай тұр. Үй жануарларына арналған эвакуациялық пункттер мен алаңдар дайындалды. Құтқарушылар мұздың барысын бақылап, кептелісті тез жоятын болады.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Алтай ауданы Богатырево ауылында екі жеке үйге су кірген еді, бірақ зардап шеккендер жоқ. ТЖД қызметкерлері өзенде жарылыс жұмыстарын жүргізді, ағынды судың кедергісіз өтуі үшін шағын су айдындарының арналарын тереңдету жүргізілуде. Бұл өзендер, гидрологтардың айтуынша, бірнеше сағат ішінде қауіпті белгіге дейін толып кетуі мүмкін.
Сондай-ақ облыс әкімі Коробиха және Өрел ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, Катонқарағай ауданының көнекөз ақсақалдарымен тілдесті. Олардың тәжірибесі жағдайды бағалауға айтарлықтай көмектесуі мүмкін. Орманшылық қызметкерлері де қолдау көрсетіп, жағдай туралы ақпаратты жедел түрде бақылаушы органдарға жібереді.