«SHYGYS AIBYN-2024» облыстық әскери-патриоттық турнирдің жеңімпаздары анықталды
Кеше Өскеменге әр өңірден 14-17 жас аралығындағы ұл-қыздардан құралған он команда келіп, өзара сынға түсті.
Биылғы «Айбын» әскери-патриоттық жиыны Кеңес Одағының Батыры, «Халық Қаһарманы», армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.
«Айбын» әскери-патриоттық жиыны өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге, олардың болашақта Отан қорғауға әзірліктерін пысықтауға, жалпы, әскери саланың тәртібі мен жинақылығына бейімдеуге зор ықпалын тигізеді.
Өскемен қаласының іргесіндегі Жаңа Ахмер ауылындағы № 27 943 әскери бөлімінде өткен облыстық әскери-патриоттық жастар жиынына облыстың қалалары мен аудандарынан он команда қатысты: Өскемен қаласынан «Намыс», Риддерден «Бүркіт», Зайсан ауданынан «Сардар», Алтай ауданынан «Сұңқар», Катонқарағай ауданынан «Қалқан», Глубокое ауданынан «Жас сарбаз», Тарбағатай ауданынан «Қыран», Самар ауданынан «Самар жастары», Ұлан ауданынан «Айбын», Шемонаиха ауданынан «Патриот» әскери-патриоттық клубтары.
Жалпы облыс бойынша 29 мектепте «Жас сарбаз» сыныптары ашылған, 264 әскери патриоттық клубтар бар. Сайысқа келген жастар осындай клубтардың мүшелері.
Сайыстардан сүрінбей өтіп, өзге түскен мықтылар арасынан шығыстың намысын Алматыда өтетін халықаралық турнирде қорғайтын команда жасақталады. Маусым айында «Айбын» халықаралық турниріне барады.
Оқушылар белтемірге тартылу, арқада жатып кеудені көтеру, әскерилендірілген кросс, арқан тарту, пневматикалық мылтық ату, АК-74-ті жартылай шашу мен жинау, жамылғы түріндегі жалпы әскери қорғаныс киімін кию сынды жарыс түрлерінен бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орын Алтай ауданының «Сұңқар» әскери-патриоттық клубына бұйырды, командаға 300 000 теңге ақшалай сертификатына ие болды.
2-орын Тарбағатай ауданының «Қыран» әскери-патриоттық клубының қанжығасында (200 000 теңгенің сертификаты.
Ұлан ауданының «Айбын» әскери-патриоттық клубы жүлделі 3-орынды алып, 100 000 теңгенің сертификатын иеленді.