KZ
Өскемен
-26°
плотный туман Штиль
515.25 535.91 5.18

Шығыс Қазақстанда белсенді өмір сүру орталықтарының саны артады

26.04.2024, 12:30 167 Айжанат Бақытқызы

Осы жылдың басынан бастап Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен өңіріміздің барлық қалалары мен аудандарында белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары құрылды. Мұнда зейнет жасындағы 3154 азаматқа есептелген 274 секция жұмыс істейді.

Бүгін өткен облыс әкімінің мәжілісінде аймақ басшысы шалғай ауылдарда тұратын зейнеткерлерді де осындай секциялар және үйірмелермен қамту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Алтай ауданының тәжірибесіне қараңыздар – онда зейнеткерлер үнемі жиналып, әр түрлі спикерлер олардың денсаулығы және басқа да тақырыптар жайлы әңгімелейді. Қарт адамдар бос уақыттарын теледидар алдында өткізіп қана қоймай, бір - бірімен араласып сөйлескені өте жақсы, - деді Ермек Көшербаев.

Аймақ басшысы барлық қала-аудан әкімдері мен бейінді ведомстволардың басшыларына әрбір елді мекендегі мектептер, кітапханалар мен спорт нысандары базасында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының» санын көбейтуді ұсынды.

- Санаторий-курорттық емделуге баратын зейнеткерлер санын арттыру қажет. Сонымен қатар, егде жастағы тұрғындарға аудандар арасында турлар мен кездесулер ұйымдастырған жөн.  Осылайша қарттарымызды белсенді әлеуметтік өмірге тарту қажет, - деп атап өтті облыс әкімі.

ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинованың айтуынша, биылғы жылдың бірінші тоқсанында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген 58 қария Шемонаиха ауданының «Уба» санаторийінің базасында санаторий-курорттық ем алуда. Тағы 231 адам «Грехово» орталығының базасында оңалтудан өтіп жатыр. Жалпы, бұл мекемелерде жылына 700-ден астам адам емдік процедуралар алады.

Сонымен қатар жыл басынан бері өңірдің медициналық мекемелерінде 330 қарт адам тексеруден өтті. Денсаулық жағдайына байланысты өз бетінше қозғалуға мүмкіндігі жоқ адамдарды дәрігерлер мен мамандар үйінде қарап, кеңес берді.

Дене шынықтыру және спортпен шұғылдану үшін ардагерлер мен зейнеткерлерге Орталық бассейнге, Шәкәрім даңғылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніндегі, үстел теннисі орталығындағы және «Ольга Рыпакова» жеңілатлетикалық манежіндегі бассейндерге бару үшін тегін абонементтер беріледі.

Облыстың қалалары мен аудандарының зейнеткерлері шахмат пен дойбы жарыстарына, сондай-ақ скандинавиялық жүру фестиваліне белсенді қатысады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу