Ермек Көшербаев бірқатар қызметкерге сөгіс берді
Фото: Altainews.kz
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев бірқатар маңызды тапсырмалардың орындалу барысын пысықтаған алқалы жиында таза ауызсумен қамту және «Таза Қазақстан» бағдарламаларының жүзеге асырылуына жауапты лауазымды тұлғалардың жұмысын қатаң сынға алды. Бұл бірінші кезекті ел Президенті жүктеген міндеттер екенін ұмытпауымыз керек.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың ақпаратын тыңдаған облыс әкімі жиынға бейнебайланыс арқылы қатысып отырған аудан әкімдерінің әрқайсынан, сондай-ақ залдағы өзінің орынбасарлары мен басқармалардың басшыларынан жұмыстың мән-жайын білді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, әкімдердің бәрі бірдей тұрғындарды таза ауызсумен қамтудың маңызын жіті түсінбейтін сияқты немесе бұл жұмысты орындауға аса күш салмай отыр. Соның салдарынан облыста 300-ден астам адам әлі күнге техникалық жұмыстардың аяқталуы мен таза ауызсудың жеткізілуін күтіп отыр. Себептер әртүрлі – коммуналдық шаруашылықтарда қаржының жетіспеуінен бастап жұмыс үдерісінің созылып кетуі мен жауапты мамандардың сылбыр әрекетіне дейін жобаны дер кезінде орындауға кері әсер еткен көрінеді.
Сондай-ақ өңір басшысы елді мекендердің тазалығы мен қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесіне ерекше назар аударып, «Таза Қазақстан» тұрақты жүзеге асырылуға тиіс жобалардың бірі екенін атап өтті.
Аймақ басшысы кейбір лауазымды тұлғалар мен аудан әкімдері тазалық мәселесі маңызды міндеттердің бірі екенін әлі де дұрыс түсінбейтініне қынжылыс білдірді. Әкім бұл мәселеде ешқандай да себеп пен сылтау болмауға тиіс екенін қатаң ескертті. Әсіресе, ол бұл жұмысқа жауапты тұлғалардың сылбырлығын сынға алды.
Белсенді жұмыс істей алмаған қызметкерлерін қатаң сынға алған аймақ басшысы бірқатар лауазымды тұлға мен аудан әкіміне сөгіс берді.
Сонымен қатар Е.Көшербаев үш күн уақыт ішінде жұмыстың барысына нақты талдау жасап, барлық жобаларды осы жылдың тамызына дейін жүзеге асыруды шегелеп тұрып тапсырды.
Айта кетейік, өңірде халықты таза ауызсумен қамту және «Таза Қазақстан» жобалары іске асырылып жатыр.
Шығыс Қазақстанның елді мекендерін ауызсумен толық қамтамасыз ету үшін екі жылда 17,5 млрд теңгеге 16 жоба жүзеге асырылатын болады. Оның ішінде биыл 3440 адамды қамтитын сегіз жоба аяқталса, 2025 жылы 4060 адамды қамтитын сегіз жоба тиянақталады.
Сонымен қатар облыста «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы жұмыстар да үздіксіз жалғасып жатыр