Маралды тұрғындары мен алтын өндірушілер сот залында татуласты
pixabay.com
Мамыр айында Маралды ауылының бірнеше тұрғыны алтын өндіруші фабрикаға басып кіріп, мүлкін қиратқан.
Осы тәртіпсіздікке байланысты сот отырысы өтіп, тараптар өзара келісімге келді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
- 11 шілдеде Шығыс Қазақстан облысының Самар аудандық соты ҚР ҚК-ның 293-бабы 2-бөлігі 1, 2-тармақтары (адамдар тобымен жасалған бұзақылық, яғни қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу, азаматтарға күш қолданып, мүлікті бүлдіру) бойынша қылмыстық істі қарады. 2024 жылы 8 мамырда Маралды ауылының алты азамат күш қолданып фабриканың мүлкін бүлдіріп, қызметкерлеріне қатысты бұзақылық әрекеттер жасаған, - деп хабарлады Самар аудандық сотының баспасөз қызметі. - Басты сот талқылауында жәбірленушілер татуласқандарын, келтірілген зиян толық өндірілгенін айтып, жәбірленушілердің қояр ешқандай талап-тілектерінің болмауына байланысты істі тоқтатуды сұрады.
Самар аудандық сотының қаулысымен сотталушылар ҚК-ның 68-бабы 1-бөлігі негізінде жәбірленушілермен татуласуларына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, қылмыстық іс тоқтатылды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Оқи отырыңыз