Бүгін «Саламатты Қазақстан» денсаулық пойызы ШҚО-ға келіп жетті
«Саламатты Қазақстан» әлеуметтік денсаулық пойызы Шығыс Қазақстан облысына келіп жетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Медициналық пойыз шалғай елді мекендерді аралауды 21-сәуірде бастаған. Шығыс Қазақстандағы жұмысын пойыз дәрігерлері 31 тамызда Тишинская станциясында Риддер тұрғындарын қабылдаудан бастады.
ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйымдастырған биылғы жобаға дәрігерлер мен психологтардан басқа кәсіби медиаторлар мен заңгерлер де тартылып отыр.
Тұрғындар кәсіби мамандардан даулар мен жанжалдарды сотқа дейін шешу, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдерді ресімдеу, атаулы әлеуметтік көмек және тағы да басқа сұрақтар бойынша кеңес ала алады.
Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиевтің сөзінше, тұрғындарға ыңғайлы болу үшін Тишинская стансасына дейін жеткізетін арнайы автобус ұйымдастырылған.
Пойыз дәрігерлері тұрғындарды сағат 9.00-ден кешкі 18:00-ге дейін қабылдайды. Түскі үзіліс 13.00-14.00.
Пойыз әрі қарай төмендегі станцияларда тоқтап, тұрғындарды қабылдайды:
Черемшанка - 1.09,
Өскемен-1 (Защита) - 1.09,
Алтай - 2.09,
Заводинка - 4.09,
Бұқтырма - 6.09,
Күмістау - 8.09,
Таусамалы - 10.09,
Өскемен-1 – 11.09.
«Саламатты Қазақстан» пойызы облыста 11-қыркүйекке дейін болмақ.
Фото: Махаббат Ахметжанова