ШҚО Глубокое ауданында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Глубокое ауданының Предгорное ауылында тазарту және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауыл тұрғындары, жастар, эко-белсенділер, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері қоғамдық орындар мен аула аумақтарынан үш тонна қатты тұрмыстық қалдықты шығарды. Экологиялық бағдарлама аясында балалар алаңдары мен бордюрлерді сырлау, бұталарды кесу, сондай-ақ Ертіс өзенінің жағалауын тазарту жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, бұл Глубокое ауданындағы алғашқы ауқымды эко-тазалау емес. Мәселен, қыркүйек айында Глубокое кентінде орталық саябақтың аумағы мен Ұлы Отан соғысының батыры В. Казаченко көшесі тазаланды. Полигонға екі тонна қоқыс шығарылды. Белоусовка кентінде «Шахтер» саябағында және спорт алаңдарында сенбілік өткізілді. Барлығы үш тонна қоқыс пен құрғақ бұтақтар шығарылды.
Бүгінгі таңда «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша 204 саябақ пен скверді, 323 тарихи-мәдени ескерткіш пен 859 әлеуметтік нысанды тазарту жұмыстары жүргізілді. 7 мың су нысаны, 26 субұрқақ, 370 шақырым арық тазартылды. Елді мекендердің 82 мың аула аумағынан 29 мың тонна қоқыс шығарылды. Облыстың елді мекендері мен орман қорында 75 мыңнан астам көшет отырғызылды.
Бұдан басқа, халықтан өтінімдерді пысықтау бойынша қолжетімді платформаны қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 5 шілдесінен бастап «TazaQazBot» телеграмм боты іске қосылды. Осылайша, «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері полиция департаменті абаттандыру ережелеріне қатысты 5967 бұзушылықты анықтап, 25,9 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан аумақтарын абаттандыру және тазалау жұмыстары жалғасуда.
Фото: Аяужан Утеулинова