KZ
Өскемен
+1°
снег жел 1 м/с, СШ
487.24 529.34 5.02

Олжаға таласа шабатын тазы қайдан шыққан?

depositphotos.com

10.10.2024, 16:30 99 Ержан Әбіш

«Шығыс салбурыны» халықаралық фестивалі аясында тазы жүгірту дәстүрі қайта жанданды. Мұндағы басты мақсат – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, кейінгі ұрпаққа ата-бабамыздан бері келе жатқан осынау өнерді табыстау, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазақ халқы сонау жылдардан бастап тазы жүгіртіп, құс салып, аң аулап, серуен құрғаны белгілі. Олар аң аулауға бейім иттерін “тазы” деп атаған. Орта ғасырда өмір сүрген италиялық жиһанкез Марко Поло далалықтардың аң аулайтын жүйрік иттері жайлы тамсана жазады. Сондай-ақ бертіндегі орыстың статистика қызметкері А.Слудский 1930 жылдардың аяғында қазақ даласында шамамен төрт мыңнан астам аңшы иттер (тазы) болғанын және олар бір маусымда 30 мыңдай аң ұстап, оның терісін иелері ресми түрде үкіметтік мекемелерге өткізгенін айтады. 
Көптеген зерттеушілер тазы тұқымдас иттің қазақ даласында пайда болу кезеңін ислам дінінің алғаш таралу уақыты - IX-X ғасырға сәйкестендіріп түсіндіреді.
Қазақтар аңшы итті “тазы” деп атауының мәні парсылардың “таза, алғыр, шапшаң, жүйрік” сөзімен түбірлес және осы мағынадан шыққан деп жорамалдануда.
Тазының көру, сезу, есту қабілеті ерекше жақсы дамыған және аңшылық қабілеті, амал-айласы басқа иттерге қарағанда көш ілгері. Алғыр тазы секундына 30-40 мың дыбыстық тербелісті, тіпті кей кездерде 70-100 мың тербелісті қабылдап, ажырата алады. Әрі иіс сезу мүмкіндігі – 1,5 х 1,5 метр (бұл өлшем адамда 5 х 5 см).
Қазақтар тазыны жарғақ құлақ және шашақ құлақ деп екіге бөледі. Ал тұқымына қарап: құмай тазы, құны тазы, дүрегей тазы, қайың қаптал тазы деп қарастырған. Соңғысы қасқыр алатын тазыларға тән атау.
Сондай-ақ біздегі тазылар таралу аймағына байланысты: самарқан тазысы, Жем бойы немесе атыраулық тазы, Сібір тазысы, Түркістан тазысы сынды атауларға ие. Сонымен қатар еліміздің территориялық ерекшеліктеріне байланысты тау тазысы және дала тазысы деп те бөлінеді. Дала тазысының кеудесі мен бөксесінің биіктігі бірдей, өте жылдам, сүйегі жеңіл, нәзік болғандықтан қазақтар оны ши тазы деп де атайды. Ал тау тазысының бөксе жағы биік, аяғы сіңірлі, мойны жуан болады. Бұлар қасқыр аулауға бейім.
Қазақ тазысы – бітімі сидаң, жүні сұйық, танауы үшкіл, құлағы делдең, жоны дөңес, басы ұзын сопақша, жанары өткір, мойны қысқалау, жауырыны жалпақ, кеудесі кең әрі омыраулы, салқы төс, арқасы түзу, қарны қабысқан, аяқтары сіңірлі, буындары адырайған, шынтағы сыртына қарай ойысты, тырнақтары өткір, саусақтарының арасы үлпілдек жүнді, артқы жағы шалқақ, табаны жалпақ, түр-түсі әрқилы болып келеді.
Аса алымды тазының белгісі: жамбас еті сыртынан қарағанда білеуленіп тұрады және аяғын маймақтатпай тік басады. Жақ сүйектерінің прикусы (тістеуі) қайшы сияқты, дәл тістеседі. 
Тазының құйрығы шашақты һәм жіңішке және соңғы ұшына дейін сүйектенбеген болса, оны аңшылар «ою құйрық» деп атайды. Ал құйрығы қамшы сияқты тазыны «қамшықұйрық» деп атайды. 
Қазақ тазысының бітімі: еркек тазының биіктігі – 65-70 см, салмағы – 20-25 келі. Қазақ тазысы салюки немесе ауған тазыларына қарағанда 2-5 см аласа, қырым-кавказ тазыларымен салыстырғанда тұрқы 5-6 см ұзын, салмағы 4-5 келі ауыр болады.
Тазы иттердің ішінде дегдар, адам тәрізді талғампаз, кез келген дүниені жей бермейді. Қарны аш болса да, аштығын білдірмейтін төзімді жануар. Үйретіп баулыған кезде тазының мінез-құлқы тұрақты болуына баса назар аударған жөн. Тазыны жастай үйреткен дұрыс. Өйткені бір айлық күшіктің өзінде тазыға тән белгілері біліне бастайды. Үйрету осы шамадан басталады. Оған орынсыз айқайлап, жекуге болмайды.
Бабы келіскен тазыны аңшылар тілімен айтқанда, келер жылы яки екінші қар басқанда аңға салады. 
Қазақ аңшылары тазы итті аң қағу өнеріне қатысты бірнеше топқа бөлген. Бірінші топқа қасқыр алатын тазыларды жатқызған. Ондай тазы күшті, әрі жүйрік, жүректі келеді. Алғыр тазы қасқырды көрген бойы қапталдасып шауып, бір-екі жұлып тартып, аужайын (қасқырдың күш-қуатын) байқайды. Одан кейін қатарласа беріп, қасқырды алқымдап жығып, қылқындырып өлтіреді.
Екінші топқа жататындар – шағын тазылар. Бұлар қасқырды алқымдап ұстай алмайды, тек қуып жетіп, тістелеп, мысын құртады. Иесі келіп соғып немесе атып алғанша қасқырды алысқа жібермей, діңкелетеді. Кейбір жағдайда, яғни иесі алыста қалған болса, қасқырды қумай тоқтап қалады. Мұндай тазыларды аңшылар қосалқы немесе көмекші тазы деп атайды.
Үшінші топқа жататындар қоян, түлкі ұстайтын тазылар. Бұлардың күші әлсіз бірақ жүйрік болады. Күніне 2-5 қоян алатын мүмкіндігі бар. Ал түлкіні кез келген тазы алады. Жас тазыны түлкіге салғанда байқау керек. Кәрі түлкі жас тазыны тістеп бетін қайтарып тастайды. Беті қайтқан тазы жасқаншақ келеді.
Тазыларды жеке-жеке немесе топ-тобымен аңға салады. Аңшылар аңды жатқан жерінен үркітіп, алып шығады. Сосын қашқан аңға тазыны жұмсайды. Ал тобымен шыққан саятшылар шамамен 200 метрдей дөңгелек шеңбер жасай жүріп, қашқан аңға кезекпен тазыларын жұмсайды.
Қащанның 11-12 күндері өтетін “Шығыс салбурыны” фестивалінде осынау жеті қазынаның бірі саналатын тазыларды арпалыс барысында көріп қалыңыз!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив