“Салбурын” жайлы не білесіз?
Салбурын – Орталық Азия халықтарының дәстүрлі аң аулауы. Салбурынға саятшылар арнайы үйретілген аңшы құстарын, тазы иттері мен мерген садақшыларды ертіп шығатын. Салбурын бірнеше күнге созылатын, қыстың қамымен жұрт жиналатын аңшылық науқаны.
“Қансонарда бүркітші шығады аңға” демекші, салбурынға қыс мезгілі кіре бере шығады. Ең қызығы қыстың алғашқы күндері түлкі, қасқыр өз індерінен шықпай отырады. Олардың бұл әдісін білетін аңшылар айқайлап, шулап оларды інінен шығарады. Інінен шыққан аңды ұстау үшін аңшы құстар жіберіледі.
Байырғы заманда салбурын салты дүйім жұрт үшін сайын қажетті рәсімдердің бірі болды. Себебі, әулет боп, ауыл боп қыстың қамымен соғымға ғана қарап отырмау үшін (ол да бірде бар, бірде жоқ заман болды) аң еті мен терісін олжалау мақсатында аңшы, бүркітшілер бас қосып салбурында саяттаған. Нәтижесінде, бұл науқан көшпенді қазақ халқының тұрмыс-тірлігін айшықтайтын, кілең халыққа тән мәдениетке айналды.
Әрине, қазір қоғамда салбурынға нақты ет пен тері қанжығалау үшін шығудың қажеттілігі ысырылды. Өкінішке орай, жылдар бойы бұл салт пен дәстүр көлеңкеде қалып келді. Урбандалу, жаһандану аясында халықтың дені тұмса табиғатпен, сайын даламен байланысты үзіп алғаны рас. Дегенмен, Жаңа Қазақстанда ұлттық код халықаралық туризмді дамытудың бірегей тетігі деп табылып, ата-баба салтын насихаттау қайта жаңғырды.
Ел Шығысында бүркітшілер фестивалі пайда болып, өңірдің туристік брендіне айналды. Бүгінге “Шығыс Салбурыны” фестиваліне Қазақстан, Қырғызстан, Монғолия, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей еліндегі Алтай, Сібір өңірлерінің тұрғындары саятшылап келіп жүр.
Бұл елдердің әрқайсысы салбурынға өзінің ерекше элементтері мен рәсімдерін қосады. Бірақ барлық елдер үшін ол табиғатты құрметтеудің, көшпелі өмір салтының,оның терең дәстүрлерінің айшығы болып қала бермек.
Жасанды интеллект те Салбурын туралы дерегімен бөлісті:
«Салбурын» сөзі қазақ тілінен шыққан және аңшылық дәстүрге жатады. Бұл көптеген адам қатысатын, қазақтар үшін маңызды әлеуметтік және салттық маңызы бар ұжымдық аңшылық. Салбурын бүкіл ауылға ет дайындау мақсатында қыс мезгіліне дайындық ретінде өткізілді. Салбурын кезінде бүркіт сынды аңшы құстар, жылқылар мен иттер пайдаланылды.
Ақерке Рағызбаева