KZ
Өскемен
-10°
плотный туман Штиль
498.55 524.28 4.75

Бұқтырма көпірі – өңір экономикасының жаңа тынысы

1.12.2015, 12:30 4 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысында көптен күткен Бұқтырма көпірі іске қосылып, өңірдің экономикасына тың серпін бермек. Бұл стратегиялық нысан облыстың шалғай аудандарын облыс орталығымен тікелей байланыстырып, туризм мен логистика салаларын дамытуға айтарлықтай ықпал етеді.

Көпірдің құрылысы 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынып, 2021 жылы басталған болатын. Ұзындығы 1 316 метр, ені 12,2 метр болатын көпір қазіргі уақытта су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ірі өткел болып табылады. Жаңа нысан тәулігіне 80 мың көлікке дейін өткізуге қауқарлы. Оның құрылысына жалпы 61,4 миллиард теңге жұмсалған.

Бұқтырма көпірін Шығыс өңірінің халқы тым ұзақ күтті. Әсіресе Ертістің арғы жағындағы Күршім, Марқакөл аудандарының тұрғындарына өткелдің зары әбден өтті. Бұл өңірдің халқы облыс орталығына жету үшін жазда пароммен, қыста мұздың үстімен жүреді. Көктем мен күз маусымында бірнеше жүздеген шақырымды артқа тастап Зайсан, Үлкен Нарын аудандары арқылы екі айналма жолмен жүруге мәжбүр. Ал тәуекелге бас тігіп, көктем-күзде жұқарған мұздың үстімен жүріп, су түбіне кеткендер қаншама.

– Ес білгелі пароммен қатынап келеміз. Қыста мұзбен жүретінбіз. Жазда кейде екі паромның бірі бұзылып, тоқтап қалады, сол кезде жағалауда кезек күткен халықтың нөпірін көрсеңіз. Кезекке таласып бір-бірінің жағасынан алады. Айғай- шу, ұрыс, тіпті төбелеске дейін барып жатады. Енді қайтеді, ешкімнің жолдан қалғысы келмейді ғой. Біреу топыраққа, біреу тойға, біреу шұғыл шаруамен бара жатады дегендей. Ең қиыны – күз бен көктемде. Мұз жұқарады. Соған қарамай мұз үстімен төтелей тартатындар болды. Бірақ мұның соңы көп жағдайда суға кетумен аяқталды. Қаншама адам суға кетті, қаншама көлік су түбінде жатыр. Көпір салынысымен, көзіміз ашылды. Күндіз-түні алаңсыз қатынай береміз, – дейді Күршім халқы.

Көпір Күршім мен Марқакөл аудандарының инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартады. Бұрын тұрғындар облыс орталығына жету үшін жүздеген шақырым айналма жол жүрсе, енді қауіпсіз әрі жылдам қатынауға мүмкіндік туады. Бұл жүк және жолаушылар тасымалын жеңілдетіп, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнімдерін тасымалдау шығындарын азайтады.

Бұқтырма су қоймасына бір көпірдің қажеттігі көп жылдан бері айтылып келген еді. 2019 жылы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір салуға қаражат бөлуді тапсырған-ды. Мұндай жағымды жаңалықты естіген өңір халқы бөркін аспанға атып қуанған болатын.

Бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, көпір құрылысы 2021 жылдың ақпанында басталды. Әуел баста жобаның құны 30,2 миллиард теңге болатын, кейін құрылыс материалдары қымбаттауы себепті 2022 жылы жобалық-сметалық құжаттама түзетіліп, құны 61,4 миллиард теңгеге дейін жетті.

Бұл – еліміздегі су үстінен салынған ең ұзын көпір. Алдын ала жүргізілген есепке сүйенсек, екі жолақты көпірмен тәулігіне 80 мыңға жуық көлік жүре алады.

Алып құрылыс нысанының тағы бір артықшылығы сумен жүзетін кеме, баржа, паромдардың арлы-берлі қатынауына ешқандай кедергі болмайды.

Облыс тұрғындарымен кездесуде Премьер-министр жобаны іске асыру көлік құралдарының жыл бойы қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететінін, Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін және еліміздің көлік-логистика саласының дамуына оң әсер ететінін айтқан болатын.

- Жаңа көпір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында салынды. Аймақта тұрғындар 50 жыл бойы жазда не пароммен, қыста тікелей не мұз үстімен жүргенін білесіздер. Құрылыстың салынуын жергілікті тұрғындар ұзақ күтті, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Шығыс Қазақстан – маңызды көлік дәліздері өтетін стратегиялық аймақ. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір логистикалық бағыттарды жақсартып, шекаралас елдермен үздіксіз байланысты қамтамасыз етеді.

Өз кезегінде, көпірдің ашылуына келген аймақ тұрғындары көпір су қоймасының екі жағындағы елді мекендер арасындағы көлік қатынасын едәуір жақсартатынын, бұл тұрғындардың жеңіл қатынауын қамтамасыз ететінін, тауарлар қозғалысын жеделдететінін, қызметтерге қолжетімділікті арттырып, сондай-ақ облыстың туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік беретіні туралы пікір білдірді.

- 2019 жылы осы өңірдің халқы еліміздің Президентіне арыз-тілегін жазған. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тілегіне көңіл бөліп, елдің 60 жыл армандаған көпірін салуға қазынадан қаражат бөлді. Жобада еңбек еткен тек еліміздің азаматтары. Шетелден тартылған бірде-бір маман жоқ. Қаншама кісіге жұмыс табылды. Құрылыс қыстың аязында, жаздың аптап ыстығында да жүргізілді, — деді Күршім ауданының Құрметті азаматы Бақытхан Өлмесеков.

Былтыр желтоқсан айының соңында су қоймасының екі жағалауынан қатар басталған технологиялық өткелдің құрылысы аяқталып, көпір түйіскен. Технологиялық көпірдің қолданысқа берілуі негізгі құрылыс жұмыстарын жылдам жүргізуге мүмкіндік берді.

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысында отандық мамандар мен мердігер компанияларды тартуға ерекше назар аударылатынын мәлімдеді.

- Мемлекет басшысы өңірлердің дамуына және ірі инфрақұрылымдық жобаларға үлкен көңіл бөліп келеді. Мұндай жобалар тек жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, елдегі инфрақұрылымдық байланысты нығайтады және экономиканың тұрақты дамуына негіз болады. Бұл бағытта сырттан мамандар тартпай-ақ, өз құзыретімізді толыққанды пайдалануға әлеуетіміз жеткілікті. Біз республикалық маңызы бар ірі жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз, — деді Премьер-министр.

Үкіметтің қазіргі саясаты отандық кәсіпкерлер мен өндірушілерді қолдауға бағытталған. Бұл қадам елдің өндірістік әлеуетін арттырып, жергілікті компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін дамытуға мүмкіндік береді.

Премьер-министрдің айтуынша, еліміздегі инфрақұрылымдық бастамалар тек экономикалық пайда ғана емес, сонымен қатар өңірлердің өмір сүру сапасын жақсартуға, халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.

Көпірдің жалпы ұзындығы 1 316 метрді, ал ені 12,2 метрді. Бір қапталында жаяу адамдар жүретін жол да болады. Су мен көпірдің көлденең арқалығының аралығы 18 метрді құрайды. Бұл өткелдің астынан кемелердің емін-еркін өтуіне мүмкіндік береді.

Күршім ауданындағы жаңа көпірдің ұзақмерзімді қызметін қамтамасыз ету мақсатында Көлік министрлігі көпірдің уақыттан тыс тозуын болдырмау үшін арнайы автоматтандырылған өлшеу құрылғыларын орнатуды жоспарлап отыр. Бұл құрылғылар арқылы жүк көліктерінің салмағы қатаң бақыланып, артық жүктемеге тыйым салынбақ. Рұқсат етілетіні - 25 тоннадан аспайтын салмақ.

2025 жылдың соңына дейін республика бойынша 220 автоматтандырылған өлшеу құрылғылары орнатылатын болады. Бұл тізім ішінде Шығыс Қазақстан облысындағы көлік магистральдары мен көпірлер де қамтылмақ. Автоматтандырылған жүйелер енгізілгенге дейін көлік министрлігіне қарасты инспекторлар көпір маңында қызмет жасап, жүк көліктерінің рұқсат етілген салмақта қозғалуын бақылап отырмақ.

Жаңа технологиялардың енгізілуі Күршім көпірінің ұзақ уақыт бойы сапалы қызмет етуіне және жүк көліктері ағынының дұрыс реттелуіне мүмкіндік береді деп күтілуде.

Айта кетейік, Бұқтырма көпірі Көлік министрлігінің иелігіне беріліп, «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының балансына өткен. Ал құрылысты «ОблШығысЖол» мердігер мекемесі жүргізген болатын.

Облыс басшылығы көпірдің іске қосылуы Күршім және Марқакөл аудандарының дамуына оң ықпал ететінін айтады. Яғни, шалғайдағы аудандарға қатынас жақсарып, жүк және жолаушылар тасымалы жиілейді. Соған орай өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салалар тың серпін алмақ.

Марқакөл көлінің табиғаты елімізге ғана емес, шетелдік туристерге де танымал. Бұқтырма көпірі арқылы қатынау жеңілдеген соң, бұл аймаққа келушілер саны артпақ. Әсіресе, көрші Ресей мен Қытайдан келетін туристер легі күшейеді деп күтілуде. Туристік инфрақұрылымның дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және аймақтың экономикалық өсіміне ықпал етеді. Бұқтырма көпірі облыс экономикасы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға елеулі үлес қосатын маңызды нысанға айналмақ. Оның ашылуы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы үлкен қадам.

Жалпы, алдағы уақытта Шығыс Қазақстанда тағы бірнеше жаңа көпір салынып, бірқатарында жөндеу жұмыстары жүргізілмек екен.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу