Падиша өнер самғай бер – әуелетіп!
Біздің ұлтымызда ән өнері жайлы әңгіме шыға қалса, елең етпейтіні кемде-кем. Сондықтан болар, Қадыр Мырза-Әлі ағамыздың:
- Бастасаң әнді бір ғажап,
Бүкіл жұрт болып қостайды.
Өнерсіз жанды бұл қазақ,
Қатарына елдің қоспайды, - деген өлең жолдары соған куә.
Қазекең мұның бәрін қысқартып, «Әу, демейтін қазақ жоқ» - деп те қорытқан.
Бүгін әңгімеміздің арқауы болған Дәлел Уәштің қасиетті, киелі ән өнеріндегі қолтаңбасынан біраз сыр шертпекпіз. Шығыстағы Зайсан өңірі Астана мен Алматыдан шалғайда жатыр. Тіпті облыс орталығы Өскемен қаласынан 500 шақырымдай. Соған қарамастан, Зайсаннан небір таланттар: әскери генералдар, ғалымдар, ақындар, жазушылар, көптеген өнер жұлдыздары шыққан. Солардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨ академиясының профессоры, әнші Дәлел Уәш.
Ол мектеп қабырғасында жүрген кезінде киелі өнерге қадам басып, әншілігімен көзге түсе бастайды. Мектепті аяқтаған соң, Өскемен музыкалық училищесінің «Жеке ән салу» мамандығына оқуға түсіп, 1989 жылы үздік тәмамдап шығады.
Қарабұлақтан шыққан қара бала
Дәлелдің ата-анасы да өнерлі жандар. Әкесі Зейнеш, ауылдан алыс шықпаса да, жиын-тойдың гүлі, әсем қоңыр дауыстың иесі болған. Анасы Ғайни да қара жаяу емес, әнді бір кісідей шырқатып жіберетін. Қырдағы шопан ауылының той-томалағы Дәлелдің әке-шешесінің қатысуынсыз, ол кісілердің әнінсіз өтпейтін.
Дәкеңнің туып-өскен Қарабұлақ ауылының тұрғындары шеттерінен өнерпаз, әнші десем артық емес. Осы ауылдан шыққан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, актер, әнші Жұмабек Құнанбаев және Алматы, Мәскеу консерваторияларының ән бөлімін бітірген Гүлжібек Аязбаева сынды аға-әпкелері, оның әнші болып қалыптасуына ықпал етті.
Арман жетегімен 1989 жылы қазіргі Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің жолдамасымен Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына құжаттарын тапсырып, профессор, әнші ұстаздар алдында ән салып, сынақтан өтеді.
Емтихан барысында ардагер әнші, халық әртісі, профессор Бекен Жылысбаевтың көзіне түсіп, автоматты түрде оқуға қабылданады. Консерватория қабырғасында жүріп, әншілік өнердің қыр-сырын Шахмардан Әбілов сынды өнер майталманынан үйренеді.
Дәлел Зейнешұлы өнер жолында биік жетістіктерге жетуіне өзінің Алматыдағы қарашаңырақ аталған өнер ордасынан білім алғанын мақтан етіп отырады. Оқу бітіріп, осы оқу орнының аспиранты атанады. Ұстазы қазақтың сүйікті әншісі Ғафиз Есімовтен тәлім алып, ғылыми дәрежесін қорғайды.
Міне, Дәлел Зейнешұлы үлкен өнерге, киелі сахнаға осылайша қадам басқан. Оның шығармашылық еңбек жолы 1992 жылдан бастау алды. Ол қалалық, республикалық деңгейдегі мәдени іс–шараларға белсенді түрде араласып, Республиканың белгілі өнер ұжымдары Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық–этнографиялық оркестрімен, «Құрманғазы» атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрімен, Мемлекеттік симфониялық оркестрмен, «Сазген сазы» фольклорлы–этнографиялық ансамблімен және басқа да ұжымдармен өнер көрсете бастайды.
2001 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған жеке концерті Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында, «Құрманғазы» атындағы Мемлекекттік Академиялық халық–аспаптар оркестрі және Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының қатысуымен, жоғары деңгейде мол табыспен өтті.
Дәлел Уәш – Алматы қаласы және Қазақстан Республикасы мәдени күндерінің аясында, әлемнің көптеген елдерінде, атап айтар болсақ, Стамбул (2003), Санкт–Петербург (2003), Америка Құрама Штатында (2005), Қытай Халық Республикасы (2006), Манғолия–Улан–Батор (2007), Австрия (2006–2007), Украина (2007), Стамбул (2007, 2010) Қытай Халық Республикасы – Пекин, Шанхай (2010) т.б. мемлекеттерге өз өнерін паш еткен өнерпаз.
Сонымен қатар Уәш республикалық деңгейдегі іс–шараларға белсенді түрде ат салысып, Абай–150 жыл, Жамбыл–150 жыл, М. Әуезов–100 жыл, Қарасай батыр – 400 жыл, Наурыз–10 жыл – Мәскеу қаласында өнер көрсетті.
2003 жылы Қазақстандағы Ресей жылына байланысты «Романс кеші» атты жеке концерті қойылды.
2004 жылы өткен «Елім менің» республикалық, патриоттық әндер байқауында Гран–при жүлдесін жеңіп алды.
2005 жылы, Ұлы Жеңістің 60–жылдығына арнап, Республика сарайында жеке концерті үлкен табыспен өтті. Осы мерекеге орай, Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровқа арналған композитор Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әніне және композитор Микаэл Таривердиевтің «Песня о далекой Родине» әніне екі клип түсірілді.
2010 жылы мамыр айында Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында «Сазген сазы» фольклорлы–этнографиялық және камералық ансамбльдердің қатысуымен Жеңіс күніне арналған «Әлі есімде» атты жеке концерті өтті.
Талантты бағалайық тірісінде
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші – доцент Дәлел Зейнешұлы шәкірт тәрбиесіне де зор көңіл бөліп еңбек етуде. Оның студенттерінің өзіндік орны бар, болашақта халқымыздың мақтанышына айналатыны сөзсіз.
Ілияс Жалбаев, Ерзада Тұрсынбайұлы қалалық студенттер аралық «Туған жер әуендері» байқауында Өмірбек Байділдаевтың әні «Туған ел» әнін қос дауыста орындап «Гран При» жүлдесіне ие болды.
Төртінші курс студенті Ғалымбек Оспанов 2011 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда өткен «Вокальное искусство» республикалық олимпиадада жүлделі 2–ші орынға ие болса, 3–курс студенті Қуанышбек Шакиров 2013 жылы осы байқаудың дипломанты атанды.
Дәлел Уәш 2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», 2005 жылы «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен, 2011 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен, 2013 жылы Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
2012 жылдың мамыр айында Уәштің «Аяулы менің мекенім!» атты ән кеші өзінің туған өңірі Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен, Зайсан қалаларында жергілікті халық аспаптар оркестрі және «Сазген сазы» фольклорлы–этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен өтіп, халық қошеметіне бөленді.
Дәлел Уәш әншілік өнермен қатар ұйымды басқарып, оның жұмысын жүйелі жүргізуде де қабілеттілігін көрсете білді. Атап айтқанда:
- 2011–2015 оқу жылдары Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨ академиясының «Театр өнері» факультеті, «Жеке ән салу» кафедрасының меңгерушісі болды;
- 2016-2018 оқу жылдары Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры болып қызмет атқарды;
- 2018 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармонияның директоры болып қызмет атқарды;
- 2019-2020 жылдары «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры болып қызмет атқарды.
Д.Уәш қалалық, республикалық, халықаралық деңгейдегі әртүрлі концерттік іс–шараларға, республикалық теледидар бағдарламаларына жүйелі түрде шақырылумен қатар, республикалық баспасөз беттеріне мақала–сұхбаттары жиі жариялануда.
Алдағы 2025 жылы 60 жасқа толғалы отырған өнер иесі талай игі істер атқаруда. Бір шағын мақалада өнерпаздың бар атқарған ісін жазып, бітіру мүмкін емес. Бұл күндері Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Жеке ән салу» кафедрасының меңгерушісі Дәлел Зейнешұлы өзінің алған білімі мен тәжірибесін жаңа ұрпақ, жас әншілерге үйретуде.
- Қалдырмай ескерусіз бір ісін де,
Талантты бағалайық тірісінде.
Кейде біз ондайлардың жасы түгіл,
Келеміз қадірлемей ірісін де.
Не керек майдасың ба, ірісің бе?!
Жақсының зая қылмай бір ісін де,
Өлгенін, жерленгенін күтіп жүрмей,
Талантты бағалайық тірісінде, - деп Қадыр Мырзалиев айтқандай, халық игілігі үшін тер төгіп жүрген қазақтың дарынды ұлы Дәлел Зейнешұлына мерейтойында астына тұлпар, арқасына оқалы шапан жапсақ жарасқандай.
Талантты тірісінде бағалап, берер атақ, дәрежелерімізді кешеулетпей, уақытында бергенге не жетсін!
Халық үшін тер төгіп жүрген белгілі өнер майталманының мерейтойына орай, келесі марапат «Халық әртісі» болса, құба-құп болар еді.
Бауыржан Құмарбеков,
ҚР Мәдениет қайраткері,
дәстүрлі әнші
Фото: Дәлел Уәшевтің жеке мұрағатынан